Наурыз — қазақ халқының төл мейрамы. Ертеде қытымыр қыстан аман шыққан жұрт тіршіліктің жаңаратын кезімен тұспа-тұс келетін бұл мейрамды барлық жөн-жоралғысын сақтап бірнеше күн емес, бір ай думандатып атап өткен. Ал бүгін Ұлыстың ұлы күні қалай тойланып жүр? Блиц-сауалнама жасадық.

Мәтін

Жансая Алиева

Өркен Кенжебек

Наурыз мейрамын қалай атап өтесіз?

Мейрамда берілетін бес күн демалысты жаңа сапармен үйлестіруге тырысамын. Яков Федоров досым екеуміз Наурызда үлкен саяхат жоспарлауды әдетке айналдырғанымызға көп болды. Мәселен, былтыр Наурыздың қалай тойланатынын көру үшін Иран мен Әзірбайжанға барсақ, одан бір жыл бұрын Франция, Люксембург, Бельгияға сапар шектік. Ал оның алдында Қытайды, Үндістан пен Непалды көріп қайтқанбыз.

Бұл мерекені қалай тойлау керек деп ойлайсыз?

Осы орайда «Рухани жаңғыру» орталығы ұсынған «Наурыз Шапағаты» атты тойлау тұжырымдамасын қолдаймын. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, 14-22 наурызда тоғыз түрлі іс-әрекет жасалуы тиіс. Былтыр Иранға барғанда олардың мейрамды дәл осылайша 13 күн тойлағанына куә болдым. Мысылы, бір күні барлығы үйде отырмай, далаға шықса, енді бір күні туысқандарына барады. Сексен миллион халқы Наурыз мейрамына орай бір-бірін аралап шықса, ішкі туризмнің дамитыны сөзсіз.

Алпамыс Шаримов

Жаңа жыл ма әлде Наурыз ба? Қай мейрамды ерекше ұнатасыз?

Әр мейрамның өз ерекшелігі бар. Бірақ Наурыздың мен үшін орны айрықша. Себебі бұл мереке — халқымыздың болмысына толықтай сәйкес келетін мейрамның бірі. Менің ойымша, алдағы уақытта Жаңа жылдың тойлануы бәсеңдеп, Наурыз мерекесі жалпыхалықтық сипат алатын сияқты.

Аталған мейрамды әдетте қалай тойлайсыз?

Қалада тұратынымызға қарамастан жыл сайын мейрамды керемет атап өтеміз. Алдымен халық көп шоғырланған жерге отбасы, достарымызбен бірігіп киіз үй тігеміз. Ұлттық киімдерімізді киюді де ұмытпаймыз. Кейін халқымыздың салт-дәстүрлерін орындауға кірісеміз. Ұлттық аспаптармен түрлі шығармаларды орындап, қазақша әндер айту да отбасылық әдемі дәстүрімізде бар. Бұл күні еңбектеген баланың да, еңкейген кәрінің де көңіл-күйі көтеріңкі болады.

Биыл елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты мейрамды жылдағыдай атап өту мүмкіншілігі болмай тұр. Мерекені үйімде өз жанұяммен қарсы алуды жоспарлап отырмын. Бірақ үйге келген қонақтарды жұбайым әзірлеген наурыз көжемен құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Жаңа жылдың бастауы деп осы мейрамнан бір жақсылық күтеміз. Ең бастысы ниетіміз жаңа бастауға дайын.

Динара Болат

Сіз үшін Наурыз мейрамының басты мәні?

Наурыз мерекесінің мәнін қыстан аман шығып, табиғатпен бірге жаңару кезеңіне жаңа күш, жарқын көңіл-күймен қадам басу деп түсінемін.

Наурыз мейрамы туралы бала кезіңіздегі жарқын естелігіңіз қандай?

Балалық шағымда Наурыз ұстаз анамның ұлттық киім киіп, мектепке дайындалуы, ауыл шетіне тігілген киіз-үйлер, әкемнің жанына еріп сол киіз үйлерге кіріп дәм татуымызбен, айнала толған жүздері жайдары халықтың бейнесімен елестейді.

Сіздің ойынызша, Наурыз мерекесінде істелуі керек әрекеттер?

Бұл мерекеде міндетті түрде Наурыз көже пісірілуі керек. Ұлттық киім киілуі керек. Шетелде тойланатын Жаңа жыл, Рождество мерекесі секілді үлкен қалалар безендіріліп, кеңінен тойлануы керек деп ойлаймын. Еліміздің ұлттық болмысын айшықтайтын негізгі мерекенің брендке айналғанын қалаймын.

Назым Космосбек

АҚШ-та Наурыз мейрамын қалай атап өтесіз?

АҚШ-та Наурызды түрлі штатта тұрған кезде әрқалай тойлайтынбыз. Мәселен, Калифорния штатында тұрғанда Сан-Франциско, Сакраменто, Дэвис қалаларында оқитын қазақ студенттері және жергілікті қазақтарымен басқосып тойладық. Қазір Нью-Йоркта тұрсақ та, бұл игі дәстүрден қол үзбедік.

Соңғы екі жылда осындағы қазақтармен бірге бір ғимаратты жалға алып, Наурыз мейрамын дәстүрлі түрде атап өтіп жүрміз. Бұл мейрамға әркім белгілі бір сомада ақша қосып немесе тамақ дайындап әкелу арқылы қатыса алады. Көбінесе әйелдер бауырсақ, бешбармақ сынды әртүрлі ұлттық тағамдарды пісіріп әкеледі.

Мейрамды өзіміз әзірлеген қызықты бағдарлама негізінде өткіземіз. Ұлттық нақыштағы заттарды әкеліп, балаларға арнайы таныстыру және оларға ұлттық ойындарды ойнату — бағдарламаның негізі. Осылайша, Наурыз мерекесін шетелде жүрсек те, жақсы дәріптейміз.

Наурыз көже даярлайсыз ба? Оны даярлауда өзіндік ерекше рецептіңіз бар ма?

Наурыз көжені жасауда арнайы бір рецептім жоқ. Өзімнің бала шақтан ішіп өскен анам даярлайтындай етіп жасаймын. Жеті түрлі дәнді дақыл қосып, ет-қазының сорпасына араластырып, айран қатып беремін. Негізі Наурыз көженің дәмі бауырсақпен бірге үйлесімді деп ойлаймын. Үйде міндетті түрде наурыз көже жасап, балаларға дәм таттыруға тырысамын.

Ескендір Бестай

Наурыз мейрамында болған қызықты естелігіңіз бар ма?

Бала күнімде алаңда оюды көп көретінмін. Аула болып сенбілік жасап, бәріміз ортақ дастархан жайғанымыз есімде ерекше жатталып қалды. Өкінішке қарай, қазір ондай ұжымдық жоқ.

Аталған мейрамды әдетте қалай тойлайсыз?

Кез келген мейрамдағыдай Наурызда да шама келгенше отбасыммен, жақындарыммен бірге болуға тырысамын. Дәл 22 наурызда жарымның туған күнін тойлаймыз. Мерекені қалай өткізетініміз әдетте қай қалада екенімізге байланысты. Алматыда болсақ, туысқандармен наурыз көже ішіп басқосамыз. Ал басқа қалада болсақ, қалалаық шараларға барамыз. Жылына бір рет болса да балаларға оюлы киім кигізіп, ұлттық ойын ойнатып, дәстүрлерді көрсетеміз.


Обложка: pinterest