Алматы әкімшілігінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды азық- түлікпен қамтамасыз ету жоспарланды. Әлеуметтік осал топқа аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты зейнеткерлер, мүгедектер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жатады. Бұл туралы 24 наурызда өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді.

«Бүгін біз қаладағы тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасын іске қосамыз. Бүгінде біз әлеуметтік осал топқа жататын 18 618 отбасын анықтадық. Оның ішінде 9972 аз қамтылған отбасы, 2585 жалғыз тұратын зейнеткер, 5142 бірінші және екінші топтағы мүгедектер және 919 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы. Әрине, бұл шеңбер кеңейеді. Ол үшін біз ертеңнен бастап жұмыс істейтін байланыс-орталық құрдық. Егер көмекке мұқтаж адам болса, аудан әкімдігінің қарастыруымен азық-түлік, маска мен антисептиктерді жеткіземіз. Біз стандарт пакет жинап, қалыптастырдық. Күн сайын мыңнан астам пакет жеткіземіз, тізім жасалып жатыр. Тұрғындардың толықтыруын күтеміз», - деді ол.

Сонымен қатар, Тұяқбаевтың айтуынша, бұл қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін әкімдік коммерциялық ұйымдармен де жұмыс істейді.