Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қанша қазақстандықтың 42 500 теңгені алғанын, бұл төлемнің кімге берілетінін, кімге арналмағанын айтты. Бұл туралы Hola News жазды.

Қанша қазақстандық әлеуметтік төлем алды?

«Бүгінде 3,703 миллион адам 4,9 өтініш жіберген. Оның 1,779 миллионына 75,6 миллиард теңгеге әлеуметтік төлем тағайындадық», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 

Оның айтуынша, 42 500 теңгеге ресми не бейресми түрде жұмыс істеп, ТЖ кезінде табысынан айырылған азаматтар үмітті. 

«Алдымен ТЖ режиміне дейін жеке кәсіпкер ретінде не біреуге жұмыс істеп, күнделікті қажет нәрсеге ақша тауып-таппағаныңызды ескеруіңіз керек. Егер карантинде табысыңыздан айырылсаңыз, бұл әлеуметтік көмекке өтініш жібере аласыз. Порталда өтініш толтырған кезде ТЖ режиміне дейін табысыңыздың болғанын белгілейсіз. Оған өзіңіз жауаптысыз. Ал егер ТЖ режиміне дейін жұмыс істемеген болсаңыз, онда бұл төлем сізге арналмаған».

Әлеуметтік төлемді алуға мүмкіндігі басым топтарға ТЖ режиміне байланысты ақысыз демалысқа жіберілген ресми түрде жалақы алатын жалдамалы қызметкерлер жатады. Сонымен қатар, карантиннің кесірінен жұмысын тоқтатқан ШОБ, ірі бизнес пен мемлекеттік ұйымдардан басқа бейкоммерциялық ұйымдар кіреді. 

Өтініш не үшін ұзақ қаралады?

Біржан Нұрымбетов өтініштердің ұзақ қаралып жатқанына кешірім сұрады:

«Неге соншама ұзақ қаралады деп жатырсыздар. Мен министр ретінде кешірім сұраймын, бірақ мұның шын мәнінде объектив себебі бар. Біз үлгермей жатырмыз. Себебі бүгін қайталанып келгендерді қосқанда 4,9 миллион өтініш алдық. Әлеуметтік төлемді тағайындауға үш ұйым (Әлеуметтік сақтандыру қоры, Үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) қатысатындықтан өтініш үш күн қаралады»

Оның айтуынша, өтінішті тексеру үш күннен ұзақ уақыт алады. 

«Жалпы келген 4,9 миллион өтініштің 1,2 миллионы қайталанатындықтан әрқайсысын тексеруіміз керек. Оның үстіне ЖСН-ді 63 мың адам дұрыс жібермеген. Банктағы есепшотты да қате көрсететіндер бар. Басқа біреудің не қазірде жойылған шот номерін 83 мың адам жіберген».

Мемлекеттік жәрдемақы алатындар мен зейнеткерлер 42 500 теңгеге үмітті ме?

Министрдің айтуынша, бұл әлеуметтік төлемді мемлекеттік жәрдемақы мен зейнеткерлер ала алмайды. Себебі ТЖ енгізілсе де, оларға жәрдемақы мен зейнетақыны түсіп жатыр. 

«Бірақ егер зейнеткер мүгедек болса, ал жәрдемақы алатын адам ТЖ режиміне дейін ресми түрде жұмыс істесе немесе БЖТ төлесе, ескеріледі. Зейнетақы мен жәрдемақы көп болмағандықтан қосымша жұмыс істегендерді ескереміз, 42 500 теңге төлейміз»,  дейді ол.

АӘК алушыларға шарт қандай?

Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға шектеу жоқ. Себебі бұл жәрдемақы емес, зейнетақы да емес. 

«Атаулы әлеуметтік көмек алатындар да ресми не бейресми түрде жұмыс істесе, 42 500 теңге алуға мүмкіндігі бар. Егер бейресми түрде жұмыс істесе, өтініш жіберу үшін бір рет БЖТ төлеуі керек».

Студенттерге де өтініш жіберуге бола ма?

Министрдің айтуынша, «студенттер» деген бөлек категория жоқ. Олар да ТЖ-ға дейін жұмыс істеген болуы мүмкін. Себебі Еңбек кодексі бойынша 16 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат. 

«Олар жұмыс істей алады. Ешкім тыйым салған жоқ. Жастардың көбінде ресми жұмыс не бейресми қызмет бар. Олар мейрамханаларда қызмет атқаруы мүмкін немесе сатушы, пицца тасушы болуы мүмкін. Сондықтан студенттерге де барлығымен бірдей талап қойылады. Егер ТЖ режиміне дейін жұмыс істеп, табысынан айырылса, студенттің де моральдық  құқығы бар. Жұмыс берушісі әлеуметтік аударым жасаса немесе студент БЖТ төлесе, заңды түрде әлеуметтік төлем алуға құқылы».

Өтініш жібергенде жеке шотты көрсету не үшін маңызды?

«Халық досымның не ата-анамның, баламның шотын неге жібере алмаймын деп шағымданады. Біз басқа біреудің шотын қабылдай алмаймыз. Себебі бұл алаяқтыққа әкелуі мүмкін. Жеңіл ақша табуды көздеген біреу сіздің аты-жөніңіз бен ЖСН-ды тауып, сіздің атыңыздан өтініш толтырып, өзінің есепшотын көрсете алады. Сондықтан жеке есепшотты жіберу маңызды»

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, шындыққа жанаспайтын факттерді көрсететіндер бар. 

«Көбі екінші жұмыста істеп, жалақы алатын көрінеді. Керісінше, табысы көбейген азаматтар да бар екен. Мемлекеттен жәрдемақы алатын, бірақ ТЖ режиміне дейін жұмыс істемеген зейнеткерлер де өтініш жіберген. Ондай адам саны 500 мыңнан асты. БЖТ төлеп, төтенше жағдайға дейін жұмыс істеген азамат ретінде өтініш жібергендердің соңғы 12 айда не жұмыс берушісінен, не өзінен әлеуметтік аударымның түспегені анықталды».

Оның сөзінше, өтініш берушінің жұмыс істеп-істемегенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тексеріп, қарастыруы керек.

Нұрымбетовтың айтуынша, қайтыс болғандардың не шетелге көшіп кеткендердің атынан өтініш жібергендер де бар.

«4,9 миллион өтініштің бәрін тексеруіміз керек. Бұл жұмысты машина істейтіндіктен ұзақ уақыт алады. Бүгінде 1,8 миллион адамды қарастырдық, енді әрі қарай жұмыс тез жүреді»,  деп сөзін аяқтады министр.