1 мамырдан бастап Шығыс Қазақстандағы қалалар мен Астана, Алматы арасындағы ішкі әуе рейстерін ашуға рұқсат берілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстанстан облысының әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желіде хабарлады.

«Құрметті достар, бүгін мемлекеттік комиссияның төрағасы, еліміздің Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминнен Шығыс Қазақстан қалалары мен Нұр-Сұлтан, Алматы арасындағы ішкі авиарейстерді ашуға рұқсат беруін сұрадым.

Осылайша, біз мамыр айының басынан облыстар арасында елімізде алғашқылардың бірі болып әуе қатынасын қайта ашамыз. Күн сайын Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Өскеменге дейін және кері қарай екі рейстен ұшақ қатынайтын болады. Сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан - Семей», «Алматы - Семей» бағыттары бойынша бір рейстен ұшады.

Облыс көлемінде енгізілген шектеу режимінен шығу жоспарының бірінші қадамы бізге экономикалық жағдайды тұрақтандыру бағытын нақты бағдарлауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - дейді Даниал Ахметов.

Бұған дейін карантин режимінің ұзарғанына қарамастан Алматы мен Астананың арасында әуе қатынасы ашылатыны белгілі болды. Рейстер күніне 4 рет ұшатын болады. Алайда жолаушыларға ұшаққа отырар алдында коронавирусқа тест тапсырып, медициналық маска сатып алуына тура келеді. Жолаушылар карантинге жатқызылмайды.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз