Мәулен Әшімбаев Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Сенат депутаты болып тағайындалды. Бұл туралы Tengrinews хабарлады.

«Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды», - делінген хабарламада.

Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін аяқтаған. Саяси ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді.

1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым-қараша аралығында Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі болды.

2000-2002 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2006-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

2012 жылғы ақпан мен 2016 жылғы қаңтар аралығында V сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2016 жылғы 25 наурыздан бастап VІ сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған болатын. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. 2003 жылы Джонс Хопкинс университетінің Халықаралық зерттеулер мектебінде ғылыми стажировкадан өтті.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз