Алматыда 25 мамырдан бастап аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда нысандары, қонақүйлер (хостелдерді қоспағанда), қоғамдық тамақтандыру нысандары жұмысын бастайды. Бұл туралы Tengrinews хабарлады. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 25 мамырдан бастап алаңы 500 шаршы метрден асатын 138 сауда нысанының жұмысына қойылған шектеулерді алу жоспарланып отыр.

Жекелей алғанда, сауда үйі, сауда орталықтары мен сауда және ойын-сауық орталықтары аумағында орналасқан азық-түліктік емес бутиктер, сән салондары, химиялық тазалау және мейрамханалар жұмыстарын бастайды.

Сауда нысандарының жұмысына сағат 23:00-ге дейін рұқсат берілетін болады.

СҮ, СО және СОО аумағында орналасқан фуд-корттарды ашу келесі 2-кезең шеңберіне, СПА, фитнес-орталықтарын және ойын-сауық нысандарын ашу 3-кезең шеңберіне жоспарланып отыр. Олардың ашылу күні қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады және қосымша хабарланады.

«Қоғамдық тамақтандыру нысандарына келетін болсақ, 25 мамырдан бастап, қоғамдық тамақтандыру нысандарының жазғы алаңдарын қоса алғанда, қызметкерлердің жалпы саны шамамен 27 мың адамды құрайтын 3100 кәсіпорын жұмысын бастайды. Олардың жұмысының негізгі шарты — көрші столдағы отырған келушілердің арақашықтығы кемінде 2 метр болуын қамтамасыз ету және 1 столға 4 адамнан, бір отбасының мүшелерін айтпағанда, отырғызу. Қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысы сағат 23:00-ге дейін рұқсат етіледі» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, бірінші кезеңде қоғамдық тамақтандыру нысандарының аумағында жұмыс істейтін караоке, бильярд және көңіл көтеретін мекемелердің жұмыстарына тыйым салынады. Кальян жұмысына карантиннің бүкіл кезеңінде тыйым салынады дейді әкімдіктегілер.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз