Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықовтың мәліметінше, Алматыда 25 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары, кафе, мейрамханаларды ашу жоспарланып жатыр. Қазір қала бойынша тек Наурызбай ауданында бір ХҚО-ның бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс істеп тұрғанын еске салған жөн. Бұл туралы «Қазинформ» хабарлады.

«18 мамырдан бастап туризм, ұялы байланыс бөлімдері, банк бөлімшелері, қаржы секторы толық ашылды. 25 мамырдан бастап карантин режимін жеңілдету аясында қаладағы 140  сауда үйін, сауда ойын-сауық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мейрамхана, дәмханалар да ашылады»,  деді ол.

Оның айтуынша, мұндай мекемелерде келушілердің санына қатысты шектеу қойылмайды, тек санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек.

«Ең бастысы - санитарлық талаптар толық орындалуы тиіс. Үстелдердің арасы екі метрден кем болмауы керек. Бір үстелге бір отбасының 4 адамы ғана отырғаны абзал. Қоғамдық тамақтану орындары 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ банкет, той жасауға тыйым салынады», — дейді ол.

Сондай-ақ, Алматыда осы уақытқа дейін санитарлық талаптарға сай келмеген жабық тұрған азық-түлік базарлары да ашылады.

«Ашық типтегі базарларда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сенбі күні аудит болады. Одан бөлек қаладағы барлық қонақ үй, ХҚО ашылады»,  дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде сауда ойын-сауық орталықтарында бутиктер, мейрамханалар, химтазалау ашылады. Екінші кезеңде қоғамдық тамақтану орындары, яғни фудкорт, үшінші кезеңде кинотеатрлар, ойын-сауық алаңдары ашылады.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз