2019 жылы Victoria’s Secret танымал америалық бренді жыл сайынғы көрсетілімін өткізген жоқ. Өткізбеу себептерінің бірі дене пішіні әртүрлі модельдердің болмауы. Соңғы жылдары журналдар мұқабасы, подиум мен жарнамадан стандарттан тыс модельдерді жиі көріп жүрміз. Біз Алматыдағы Andres агенттігінің плюс-сайз модельдерімен кездесіп, жұмыс, комплекс және өзін-өзі қабылдау туралы сөйлестік.

Фотосуреттер

ОФЕЛИЯ ЖАқАЕВА

Кішкентайымнан модель мансабын құруды армандадым, бірақ жасөспірімдік шақта толықтау болдым, 6-сыныпта 63 келі едім. Әрине, артық салмақтың кесірінен қатты жабырқайтынмын. Оның үстіне, бойым да ұзын болғандықтан құрдастарымның қасында үлкен көрінетінмін. Балалардың маған күліп, келемеждейтіні есімде. Сол кезде мен арықтауды мақсат етіп, белсенді түрде спортпен айналысып, 11 келі тастадым. 17 жасымда модель агенттігіне кастингке бардым. Бөксем үлкен болғандықтан агенттікте маған тағы арықтауың керек деді. Бірақ бұл менің дене бітімімнің қалпы ғой, сондықтан ештеңе жасай алмадым.

Кейін екі мамандықты игеріп, тұрмыс құрдым. Екі баланы дүниеге әкелген соң моделинг туралы ұмытып та кеттім. 26 жасымда босанғаннан кейін салмағым 92 келі болды. Бұл маған ауыр тиетін, депрессияға шалдықтым. Дене пішінім қатты ерекшеленіп, көрініп тұрады деп ойлағанмын. Салмақ тастау үшін бәрін істедім. Белсенді түрде жаттығып, диетаның түр-түрін ұстадым, бірақ оның еш пайдасы болған жоқ. Бәрі спортпен айналысу керек дейді. Ал екі-үш баласы, жұмысы, жасы үлкен ата-анасы бар әйелдің күнде жүгіріп, өзіне бөлек тамақ дайындайтын уақыты болмайтыны сөзсіз.


Толықтық менің ерекшелігіме айналғандай


Артық салмақ — кейде жан-дүниенің проблемасы

Соз кездері психологқа бардым. Оның көмегімен артық салмағымның жартысын тастап, өзіме деген сенімім артты, сұлу екенімді сезіне бастадым. Артық салмақ — кейде жан-дүниенің проблемасы. Сол шақта бодипозитив идеясы танымал бола бастады. Америкалық плюс-сайз модельдердің қалай дамып жатқанын көріп, өзімді бұл салада сынап көргім келді. Бірден инстаграмдағы бірнеше киім дүкені мен Andres агенттігіне жаздым. Дәл сол кезде бутиктердің біріне модельді алмастыратын адам керек болған екен, ал агенттік көрсетілімге толық модельдер іздеген.

28-де едім. 15-22 жас аралығындағы қыздар ғана модель бола алады деп ойлайтынмын. Агентікке барғанда директордан: «Салмағым 80 келі әрі жасым 28-де болса да, модель бола аламын ба?» деп сұрағанда ол күліп, өзінің мансабы дәл осындай жағдайдан басталғанын айтты.

Қиындық көп болған жоқ, себебі мен сияқтылар енді-енді дамып келе жатыр. Бізді барлық түсірілім мен көрсетілімге шақырады. Жұмысты өзім іздейтін кездер де болады. Киім, іш киім сататын дүкендерге жазамын. Көбіне олар бірнеше аптадан кейін хабарласып, жұмыс ұсынады. Бұл компаниялардың дене пішіні стандарттан тыс модельдермен жұмыс істеуге әзір екенін білдіреді.

Модельдік бизнеске келгенде толықтықтың әдемі жағын көрсететін алғаш әйелдердің бірі боламын деп ойладым. Күйеуіммен машинада келе жатқанда «Билбордқа толықтығымды әсемдеп тұратын суретім ілінсе ғой» деп айтқаным есімде. Жолдасым күліп, бәрі де мүмкін деді.

Толық болғандықтан ұзақ уақыт бойы өзімді көріксіз деп санайтынмын. Уақыт өте келе адамдардың мені бағалауына түрім ғана әсер етпейтінін түсіндім. Жүріс-тұрысыма көңіл бөліп, өзімді күте бастағанда артық салмағымның барын ұмытып кеттім. Жақында қайтадан арықтауды ойлай бастадым, бірақ көп ұзамай бұл ойымнан айнып кеттім. Толықтық менің ерекшелігіме айналғандай. Қазір менде ешқандай комплекс жоқ. Мұны сөзімнен де, қылықтарымнан да байқауға болады деп ойлаймын. Бұрын іс-шараларда неғұрлым шетке отырып, ішімді жасыруға тырыссам, қазір көпшіліктің назарына ілігуден қорықпаймын.

Жасөспірім қыздарды шабыттандырып, оларға үлгі болғым келеді. Себебі көбіне осы жастағы қыздар ауыр диетаға отырып, шамадан тыс жаттығуға бел буады. Балаларды кішкентай кезінен бастап, ашығуға емес, спортқа баулу керек. Сонымен бірге, болашақта артық салмағы бар қыздардың кейпін өзгертетін шоу ашқым келеді. Онда екі кезең болады. Бірі — менталдық өзгеріс, екіншісі — сырт келбет өзгерісі. Оларды ешкім арықтауға итермелемейді, өйткені шоудың мақсаты — өз денеңді сүюге, өзіңе жаңа қырдан қарауға мүмкіндік беру. Біздің қоғам мұндай шоуды жақсы қабылдайды деп ойлаймын.

Менің комплексім салмағым емес, бойым болатын. Балабақшада да, мектепте де бәрінен ұзын едім. Сондықтан қысылып, қатты бүкірейіп жүретінмін. Арықтау керегін білсем де артық салмағымның барына аса мән бермегенмін.

Модельдік бизнеспен айналысамын деп ойлаған жоқпын. Алматыға оқу үшін келдім, ал әпкем бос уақытымда кастингке барып тұруға кеңес берді. Қазақстанда плюс-сайз модельді көп көрмегендіктен әпкемнің кеңесіне онша қызыға қоймадым. Бірақ бәрібір бір кастингке бардым, мені бірден агенттікке алды. Жақындарым таңғалып, маған қолдауын білдірді.

Басында камера алдында өзімді жайсыз сезіндім. Фотографқа қарамай тік тұрып қана суретке түсетінмін. Уақыт өте келе жайсыздық кетті, моделинг арқылы мен бейне бір қабыршықтан шыққандай болдым, өзімді нәзік жан сезіндім.


Сұлулықтың бір ғана стандарты болмайды. Әйелдер өзінің дене пішінінен қысылмауы керек


Бірде кастингке жабысып тұратын майка мен шалбар киіп бардым. Жаныма бір әйел келіп, көзтартарлық боп тұрғанымды айтты. Кейін жиі солай киінетін болдым

Сұлулықтың бір ғана стандарты болмайды. Әйелдер өзінің дене пішінінен қысылмауы керек. Мен адамға эстетикалық жақтан қарауды қолдаймын. Күтім мен саулық әлдеқайда маңызды. Эшли Грэм, Тесс Холидей сияқты әлемге танымал плюс-сайз модельдерден шабыт аламын. Олардың бойынан көркем, өзіне сенімді әйел бейнесін көремін, өзім де сондай болғым келеді.

Қазақстанда плюс-сайз моделинг мүлдем дамымаған. Бұл заманауи ұрпаққа кері әсерін тигізеді. Көбі өзін белгілі бір стандартқа сыйғызуға тырысады, бірақ дене пішінінің сұлулыққа әсер етпейтінін ұғынбайды. Мысалы, өзін толықтау санайтын бір құрбым модельдік бизнеспен айналысқысы келеді, алайда сырт көзге салмағы 40 келіден аспайды. Әлеуметтік желі мен экраннан әртүрлілік пен табиғилықты жиі көрсек, жастар түр-сипатқа қазіргідей аса мән бермес те еді деп ойлаймын.

Мектеп кезінде комплекстерімнің кесірінен үнемі бос киім киетін едім. Қазір керісінше барынша денемнің пішінін көрсететін әрі ашық түсті киімді таңдаймын. Денемнің өзгеріп-өзгермегенін білмеймін, бірақ мұндай киім кисем өзімді жайлы сезінемін. Бірде кастингке жабысып тұратын майка мен шалбар киіп бардым. Жаныма бір әйел келіп, көзтартарлық боп тұрғанымды айтты. Кейін жиі солай киінетін болдым.

Жақында ең алғаш көрсетілімге қатыстым, енді бұл бағытта дамығым келеді. Келесі жылы міндетті түрде Kazakhstan Fashion Week кастингіне барамын. Азиаттық нарыққа өтіп, осы салада барынша ұзақ жұмыс істегім келеді. Стандарт модельге қарағанда жұмыс аз, бірақ соңғы кездері плюс-сайз модельдерге сұраныстың артқанын байқадым. Бұл қуантады.

Үнемі модель болғым келетін еді. 90-жылдары бұл сала танымал болған, бірақ ол кездері стандарт көрсеткіштерге сай келмейтінмін. 14 жасымда қазірден де ауыр болдым. Мектепте балалар жиі мазақтайтын, сондықтан ол кездерді есіме түсіргім де келмейді.

Күні-түні арықтауды ойлап, салмақ тастауды мақсат еттім. Кейін арықтағаным соншалық, салмағым 55-ке түсті. 182 сантиметрлік бойға бұл өте аз. Мені танудың өзі қиын боп кетті. Бірақ модельдік агенттіктер бәрібір мені алған жоқ. Сондықтан промо-акциямен жұмыс істедім. 16 жасымда анорексияға шалдықтым. Айнаға қарап, тек артық салмақты ғана көретін қыз едім. Бір күнде екі қасық қарақұмық жесем, көп тамақ ішкендей болатын едім. Арықтауды тоқтатпасам, жағдайымның ушығып кететінін дәрігердер де ескетті. Қуанышыма орай, дер кезінде есімді жиып, салмақ қостым.


Күні-түні арықтауды ойлап, салмақ тастауды мақсат еттім. Кейін арықтағаным соншалық, салмағым 55-ке түсті. 182 сантиметрлік бойға бұл өте аз


Бұрын не үшін подиумға арық модельдерді шығарғанын түсінемін. Бұл матаны үнемдеу жолы еді

Менің негізгі жұмысым — сату менеджері. Модельдік бизнеске баламды босанған соң келдім. Агенттікке хабарласып, белгіленген кастингтен өттім.

Ұзақ күтіп қалатын кездерім мен нормадан тыс жұмыс сияқты мамандықтың қиындықтары болмаса, аса үлкен кедергі болған жоқ. Жұмысты жақсы көрсең, қиындықтар мүлдем кері әсер етпейді де. Кастингтен өтпей қалған кезім саусақпен санарлықтай. Өйткені компаниялар мені көбіне салмағыма қарап шақырады. Арықтасам мүмкіндігім азятын шығар. Стандарттан тыс модельдермен жұмыс істейтін дизайнердің көбейгені қуантады.

Менің дене пішінім орташа. 48-50-өлшемім Африка, Европа мен Ресейде стандартқа сай. Бірақ біздің елде ол плюс-сайз санатына жатады. Қазір мен ресейлік киім брендімен бірлесіп жұмыс істеп жүрмін. Олардың Қазсқастан модельдерінің шағын болып келетінін айтқаны есімде.

Шынайы өмірде салмағы 42 келі, бойы 175 сантиметр болатын қызды көп кездестірмейсің. Ал киім шынайы өмірге сай болуы керек емес пе? Кейде киімнің үсті үлкен болғандықтан қалаған нәрсені табу қиын. 46-өлшемнен асатын киім-кешек көбіне сәнсіз болып келеді, түсі де көңілден шықпай жатады. XS өлшемінде ойластырылған киім XL өлшемінде біртүрлі көрінуі мүмкін. Сондықтан киім тігерде дене пішінінің ерекшеліктерін ескерген жөн.

Модельдердің әртүрлі болғанын қалаймын. Бұрын не үшін подиумға арық модельдерді шығарғанын түсінемін. Бұл матаны үнемдеу жолы еді. Бірақ арық болуға деген үгіт-насихатты қолдамаймын. Әсіресе, шынайы өмірге сай келмейтін стандартты жөн көрмеймін. Себебі бұл басымнан өтті, арық болуды қаладым, бірақ оның түбі жақсылыққа әкелген жоқ. Қандай қалыпта болсын өзіңді ыңғайлы сезінсең, дене өлшемі маңызды емес.


Аударған: Аида Зайнуллиева

ЛОКАЦИЯ: Wizard Fotostudio