Telegram әлеуметтік желісін бес адамнан тұратын еріктілер тобы қазақ тіліне аударып жатыр. Қазір ол түрлі операция жүйесінде қазақшалану үстінде. Әзірге қазақ тілі iOS-қа 35 %-ға, Desktop, MacOS пен Android X-ке 32 %-ға, ал жай Android-қа 86 %-ға енгізілді.

Кез келген қолданушы жасалған жұмысты  сынап көре алады. Аудармашыларды қолдау үшін не ұсыныс жазу үшін арнайы чатқа тіркелуге болады.

Аударманың техникалық жағын ұйымдастырған Мұрат Кәрібай, ал ішіндегі мәтін мен сөздерді өңдеген Мақсат Мәлік.

«Қосымшаның сыртқы жағы қазақша, енді көбіне іш құрылысын, баптауларды аудару қалды. Кемінде бір айдан соң аударма дайын болғанда Telegram-ның техникалық қолдау орталығына хабарласып, оны дауыс беруге қоямыз. Қолданушылар әлеуметтік желінің сайтында әрбір сөйлемге, мәзірдегі әр элемент аудармасына дауыс бере алады. Оның нәтижесін Telegram ескере отырып, аударманы рәсімдеп, әлеуметтік желінің қосымшасына шығарады. Осылайша тіл таңдау мәзірінде «Қазақ тілі» пайда болады», — дейді қазақ аудармасының редакторы Мақсат Мәлік.

Түркі тілдерінен әзірше түрік және өзбек тілі ғана бар. Өзбек тілі биыл 15 сәуірде қосылды.

2018 жылы Telegram-ды қазақшаға аудару бастамасы болды, бірақ ол қарқынды дамымағандықтан қосымшаға ресми түрде енген жоқ.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз