Алматыдағы Ботаника бағы 15 маусымда ашылады. Бұл туралы саябақтың Facebook-парақшасында ақпарат жарияланған. 15-21 маусымда баққа кіру тегін болады. 

Ботаника бағы сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Саябақ ашылған соң бірінші аптада түрлі экскурсия, мастер-класс пен дәріс өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл саябақ екі жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жабылған еді. Болат Өтемұратов қоры бақты жөндеуге 15 миллион доллар бөлді. Енді ботаника бағына үш жақтан кіруге болады.  Солтүстік есік Тимирязев көшесінде, батыс жақтағы есік Атакентте, ал оңтүстік кіре беріс әл-Фараби көшесіне қарап тұр. Бақта жаңа фонтандар құрылып, су қоймалары қалыпқа келтірілді. Суару жүйесі де пайда болды.  Сонымен бірге, онда 1500 шам, 250 орындық, 130 видеобақылау камерасы орнатылып, 50 мың шаршы метрлік жол жаңартылды. Жөндеу жұмыстарының аясында саябақта жаңа 1300 ағаш пен  40 мың бұталы шөп отырғызылды.


Біздің Telegram-каналға жазылыңыз