Бүгіннен бастап Алматыда СПА-салон, қоғамдық баня, сауна мен азық-түліктік емес базарлар жұмысын бастайды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Алматыда шектеу шараларын жеңілдету аясында 1 маусымнан бастап СПА-салон, қоғамдық баня, сауналар жұмысын бастайды. Бұл нысандардың қызметі эпидемияға қарсы ұйымдастырылған ережелерге сай жүзеге асады», - деді әкімдіктегілер.

Жұмысын бастап жатқан нысандар infokazakhstan.kz сайтында жұмысқа дайын екенін әрі карантин нормаларын сақтайтынын жазып, тіркелуі керек. Кейін мониторинг топтары бұл нысандарға рейд жасап, карантин ережелерінің қалай сақталып жатқанын тексереді. Ереже бұзушылық анықталса, мекеме әкімшілік жауапқа тартылады, тіпті нысанды жабуға дейін баруы мүмкін. 

«Сонымен бірге, жұмыс орнына қанша қызметкерді шығаратынын мекеме өзі анықтайды. Денсаулық пен сұлулық индустриясының жұмыс кестесі штат режимінде сақталады. Жалпы, 7,2 мың адам мен 900 мекеменің жұмысқа оралатыны болжанды» - деді баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап дайындық бағалауынан өткен азық-түліктік емес базарлардан шектеу алынады. 


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз