Қазақстанның жас әншісі Данэлия Төлешова дүниежүзінің ең танымал шоуының бірі America’s Got Talent-ке қатысып жатыр. Бұл туралы «Қазинформ» хабарлады

Данэлияның өнері America’s Got Talent шоуының үшінші бөлімінен көрсетілді. Ол канадалық әнші Faouzia-ның Tears of Gold әнін орындады. Атақты адамдардан тұратын қазылар да, кеш қонақтары да қазақстандық артист қыздың өнеріне зор қошемет көрсетті. Залдағылар орынан тұрып, қол шапалақтады.  

«Мен өте танымал әрі масштабы зор America’s Got Talent байқауына қатысамын. Меніңше, осы байқауға қатысу — әр артистің арманы. Себебі бұл — өте үлкен дәреже. Өте қызық әрі керемет болатынына сенімдімін. Ал мен байқаудың әр кезеңінде өзімді 150 пайызға көрсетуге тырысамын. Сондықтан сізге қызық болса, шоуды қараңыз», — деді Данэлия шоу басталмастан бұрын. 

America’s Got Talent-тің 15-маусымы NBC телеарнасында 26 мамырда басталды. 29 мамырда ол Netflix UK-де көрсетіле бастады. Бұл маусымның қазылар құрамында жобаның құрушы-продюссері Саймон Коуэлл, талантты актриса София Вергара, модель Хайди Клум мен әзілқой Хоуи Мэндел бар. Шоудың жүргізушісі — Терри Крюс. Тележоба 2006 жылдың 21 маусымынан бастап шығып жүр. Онда әртүрлі жастағы әншілер, бишілер, сиқыршылар, әзілқойлар мен басқа да талантты жандар өнер көрсетеді. America’s Got Talent-тің бас жүлдесі  1 000 000 доллар.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз