Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай — Шымкент қаласындағы ORNEK ұлттық өнер орталығының иесі. Орталықта білезіктерден бастап сауытқа дейінгі әртүрлі ұлттық нақыштағы заттар жасалады. Біз Ғазиза Тілеубаймен сөйлесіп, зергерлік өнерді қалай меңгергені туралы, орталықтың жұмысы жайында білдік.

Мәтін: Жансая Алиева

Зергерлік өнерге келуі жайлы

Әке-шешем — кәсіби суретшілер. Сондықтан өнерде туғаннан болдым деп айта аламын. Әкем — құйма зергерлікті жоғары деңгейде меңгерген Қазақстандағы аз адамның бірі. Кішкентай кезімнен бері әкемнің ісін көріп, жанында көмектесіп жүргесін зергерлік жаныма жақын болды. Бірақ бұл өнер түріне бірден кіріспедім. Алдымен сурет өнерімен айналыса бастадым. Кейін мүсін жасауды үйрендім. Осылайша зергерлікке ақырындап келдім. Бұл саланы тез үйрену мүмкін емес. Адам оның ыстық-суығына төзсе де қолынан келмейтін кездер болады. Зергерлікке байланысты біраз кітапты оқыдым. Сонда байқағаным: кітаптардың авторы ешқашан зергерліктің қыр-сырын ашып түсіндірмейді. Сондықтан өзіңе талапты серік етіп, көп іздену керек. Маған да алғашында қиындау болды. Дегенмен бұл салада мол білігі бар әкемнің арқасында құйма зергерлікті әлдеқайда оңай меңгердім. Арнайы оқу оқудың қажеті де болмады.

Бұйымдарды жасағанда біз ою-өрнектердің қолдануы жайында этнографтармен,костюмерлермен, тарихи шындыққа сәйкес келуі туралы тарихшылармен ақылдасамыз

«Өрнек ұлттық өнер орталығы»

«Өрнек ұлттық өнер орталығы» алғашында «Өрнек жарнама агенттігі: өрнек суретшілер шеберханасы» болып 1989 жылы ашылған еді. Ол кезде ИП (жеке кәсіп — ред.) ашу елде жолға қойылмағандықтан, әкем тек сол жылы ғана жеке кәсібін аша алды. Бірақ оған дейін де арнайы кооперативтермен істесіп, Шымкент қаласында жеке кәсіпкер ретінде қызмет атқарған.

«Өрнек ұлттық өнер орталығы» деп қазір мен атап жүрмін. Ұлттық өнер орталығы деген атауға әбден лайық деп ойлаймын. Өйткені шеберханамызда зат саны өте көп. Тек қана әшекей бұйымдармен шектелмейміз. Әлі Instagram-парақшамызда, басқа да желілерде жарыққа шықпаған жұмыстарымыз баршылық. Оның ішінде Андронов мәдениетінің көрмесін ерекше атай аламын. Аталған көрме жерімізден қола дәуірінде табылған жәдігерлерді қамтиды. Оларды біз қоладан құйып шығардық. Сонымен қатар, Арқайым қаласының (Қазақстан мен Ресей шекарасынан табылған қола дәуірінің қонысы — ред.) тамаша қайталанбас макетін де жасадық. Одан бөлек қосымша көрнекі құралдар бар.

Заттарды жасағанда біз ою-өрнектердің қолдануы жайында этнографтармен, костюмерлермен, тарихи шындыққа сәйкес келуі туралы тарихшылармен ақылдасамыз. Қазіргі таңда шеберханада ұлттық киімдерден бастап акссесуарларға дейінгі заттардың түр-түрі жасалып жатыр. Киім ассортиментін көбейтуді тек осы жылдан қолға алдық.

Зергерліктің бірнеше түрі бар. Біз соның ішінде құйма зергерлікпен айналысамыз. Бұл түрі қалып дайындау әдісінің қолданылуымен ерекшеленеді. Жасаған заттың санын осы әдістің арқасында қалағанымызша көбейте аламыз.

Шеберханада әзірге тек отбасым жұмыс істейді. Киім-кешектерді ұзақ уақыт іздеп жүріп тапқан бір жақсы ателье ұжымы тігеді. Ал бас киімдерді тігумен түгелдей менің шешем айналысады. Екеуіміз дизайнды бірге ойластырамыз. Бір-бірімізді жақсы түсінгендіктен жұмыс істеу оңай. Қазір шеберхана жұмысының артуына байланысты сатылым жағынан көмектесетін қыз-жігіттерді жұмысқа алуды ойлап жүрмін. Сатылымға араласатын адамның әлеуметтік желіні білетініне немесе диалогты жақсы жүргізе алатына ғана назар аудармаймыз. Ол ең бастысы жұмысымыздың мәнін түсініп, клиенттерді сыйлай білуі керек.


Жалпы, Қазақстан бойынша құйма ісімен айналысатын адам саусақпен санарлықтай болғанда ұлттық кәсіпке қолдау көрсету керек еді

Алғаш қиындық

Кәсіпті енді қолға алған кезде қаражат жағынан қиналдым. Шеберханаға қажет техниканың, құралдардың бағасы жоғары болғандықтан сатып алуға қаражатым жетпеді. Осыған орай мен «Даму» қорының жыл сайын ұйымдастыратын инновациялық жобаларға арналған үш миллиондық грантына қатыстым. Алайда олар менің жобамды инновациялық жоба ретінде көрмеген секілді. Жеңіске жете алмадым. Шынымды айтсам, бұл шешімдерін дұрыс санамаймын. Жалпы, Қазақстан бойынша құйма ісімен айналысатын адам саусақпен санарлықтай болғанда, ұлттық кәсіпке қолдау көрсету керек еді. Бірақ мемлекет көмектеспеді деп қарап отырмадым. Пештерді жасап үйрену үшін Шымкент техника колледжіне «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Колледжде алған білімімнің арқасында қолдағы бар сварканы пайданаланып пешті де, басқасын да өзім жасап шығардым.

Осы реттегі бір арманым — шетелде және басқа да жерлерде сақталып тұрған заттарымыздың суретіне қол жеткізу

Бұйым жасау

Қандай да бір бұйым жасаудың бірінші этапы — идея. Одан ары қарай идеяны қағаз бетіне түсіріп, эскизін жасау керек. Үшінші этапта моделі жасалады. Содан кейін моделден қалып шешіліп, қалыптың қажетінше данасы көбейтіледі де, қайтадан басқа металдан қалыпты құйып шығарады. Ақырында бұйым пайда болады. Бірақ осымен жұмыс бітпейді. Оны көп рет өңдеуден өткізу керек. Эскизі дайын бұйымды жасауға кемінде екі апта уақыт кетеді. Себебі ұсақ істерді есепке алмағанда, біз металды шикізат күйінде алғаннан кейін өзге металдармен араластырып өңдейміз. Әйтпесе Қазақстан мен Ресейде дайындалатын металл қорытпалары өңдеусіз қолданатындай жоғары сапада емес. Құймаға таза емес күйінде келіп қалатын элементтер бар. Сондықтан олардың барлығын қайтадан өзімізге өндіруге тура келеді.

Эскиз жасау — бұйым жасауда үлкен ізденіс пен білімді қажет ететін этап. Бұл этапта мені ізденістерге жетелеген әкемнің ұстазы — Ералы Оспанұлы. Ол әлемдегі 100 үздік графикшінің қатарына енеді. Халқымыздың ертедегі өмірі туралы көп білетін Ералы ағаның аузынан бұрын естімеген киім атауларын отбасылық әңгіме арасында жиі естіп қалатынмын. Естігенімді біден қағып алатын мен кітапханаға барып, аталған жаңа зат туралы ізденетінмін. Қазір ғаламторды да пайдаланамын. Алайда ағылшынша жазбасаң, керекті дерекке қолжеткізуің екіталай. Неғұрлым көп ізденген сайын соғұрлым жақсы дүниеге тап боласың. Бірақ көп суреттің сапасыздығы, адамдардың көненің көзіндей болған ескі заттарды сақтамауы кесірінен нағыз ұлттық заттардың үлгісін іздеп табу қиын. Мәселен, өмірімде көрген аса әдемі қазақ сәукелесі қазір Эрмитажда сақталып тұр. Оның суретін 20 ғасырдың соңына қарай шыққан бір кітаптан ғана кездестірдім. Сәукеле суреті ақ-қара түсте болғандықтан, элементтерін әрең дегенде анықтап, жасап жатқан сәукелеме қостым. Осы реттегі бір арманым — шетелде және басқа да жерлерде сақталып тұрған заттарымыздың суретіне қол жеткізу.


Шетелдік киімдерге қызығушылық артқан заманда адамдардың «Бізде де осындай керемет заттар, киімдер бар екен» деп бір сәт ұлттық заттарға сүйсініп, әсемдігін түсінгенін қалаймын

Ұлттық заттар жасау

Біз жұмысты алғашында ұлттық нақыштағы бас киімнің түрлерін жасаудан бастағанбыз. Оларды дайындап жатқанда түсінгеніміз: қазіргі киімдерде металл элементтері болмағасын адамдардың тастар,паятка, бисерлермен беталды көмкерілген киімдерді киюіне тура келеді. Мәселенің негізгі себебі — ұлттық нақышқа сай элементтерді табу қиындығы. Кейбір базарларда, дүкендерде «ұлттық нақыштағы» металл элементтері бөшкелеп сатылады. Бірақ оларға зер салып қарасаң не қазақтыкы, не қырғыздыкы, не қытайдыкы емес екенін аңғарасың. Қазақтың ешқандай иісі аңқымайтын, тарихқа жанаспайтын элементтерді аса танымал дизайнерлердің қолданып жатқанын көргенде ішім ашиды. Сондықтан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар мен киімдер жасауды шештім. Мақсатымыз — халыққа материалдық мәдениетіміздің дұрыс нұсқасын жеткізу және ұлттық рухты асқақтату. Шетелдік киімдерге қызығушылық артқан заманда адамдардың «Бізде де осындай керемет заттар, киімдер бар екен» деп бір сәт ұлттық заттарға сүйсініп, әсемдігін түсінгенін қалаймын.

Тауар сатылымы жайлы

Қандай да бір бұйымның бағасы материалына байланысты қойылады. Бізде металл қымбат тұрады. Мәселен, екі мың теңгелік сырғаның 800 теңгесі металға кетеді. Ұлттық киімдерді және бас киімдерді жасағанда металмен қоса матаға да ақша жұмсалады. Біз матаға ақша үнемдемей, барынша сапалысын сатып алуға тырысамыз. Сапалы материалды елден таппасақ, шетелден іздеп алдыртамыз. Бәрі толықтай арнайы өндеуден өтіп, махаббатпен жасалған қолдың еңбегі болғанына қарамастан, халықтың қалтасы көтеретін бағада болуын қадағалаймын. Себебі біздің басты мақсатымыз — ұлттық нақыштағы заттарды насихаттау. Ал қаржы мәселесі екінші орында тұрады. Дегенмен қазір тауарлардың сатылымы жақсы. Үнемі тапсырыс беретін тұтынушыларымыз қалыптасты. Алдағы уақытта көтерме саудаға шығатын ойым бар.

Алдағы жоспарлар

Ең басты жоспарым — шеберхананы кеңейту. Әйтпесе қаланың орталығында орналасқан 100 шаршы метрлік қазіргі шеберханаға сыймай жатырмыз. Ішінде цехпен қоса кішкентай дүкеніміз де бар. Бос жердің барлығын көрмеге қоятын заттармен толтырдық. Тек қана өтетін жолдар ғана тұр. Арманымдағы жер телімін алып, сол жерде кішігірім болсын цех салғым келеді. Кейін заттар ассортименті одан әрі көбейіп, жұмыс қарқыны арта түсетініне сенімім мол. Сонымен қатар, шеберханада тұрған жәдігерлерімізді халыққа таныстыру үшін көрмеге шығарғым келеді.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз