The Village Қазақстан синхрон жүзуден ел құрамасының бұрынғы спортшысымен әлімжеттік, мүмкіндіктер және шаршау жайлы сөйлесті.

Аударма 2018 жылы 28 тамызда шыққан материал бойынша жасалды

Иллюстрациялар

АЙғАНЫМ ЕРЖАНОВА

Синхрон жүзуші болу жайлы

Алдымен баланы қарапайым секцияға апарады, ол денесін тік ұстауды, суда батпауды үйренеді, содан кейін синхрон жүзуге ауысады. Баланың кескін-келбетіне міндетті түрде қарайды: қыздар кішкентай кезінен бастап икемді, арық және бойы ұзын болуы керек; еңбекке қабілеттілік кейін дамиды.

Мен бұл спорт түрімен жеті жасымнан айналыса бастадым, өйткені көркем гимнастикадан кейін арқамды түзету керек болды. Ешкім менен нәтиже шығады, спортпен кәсіби түрде айналысады деп ойламады. Бастапқыда ата-анам ақылы секцияға қатыстырды, бірақ жаттықтырушылар әлеуеттің бар екенін көріп, мені тегін топқа ауыстырды.

Әдетте бірінші жарыстарға дейін ешқандай маңызды мәртебең болмайды. Жарыстар өтеді, саған атақ беріледі немесе берілмейді. Ол кездері қандай да бір атағыңның бар-жоғы алаңдатпайтын еді. Шамамен 13 жасыңда ҚСШ, спорт шебері, атағын алғаныңда, одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, құрамаға кіргің келетінін түсінесің. Ынта пайда болып, еңбектенесің. Он үш жасымда Азия чемпионатында бірінші атағымды алдым, онда команда үшінші орынға ие болды. Қателеспесем сол жарыстан соң бәріміз ҚСШ атандық.

Құрамаға ену үшін жақсы жаттығып, жаттықтырушының көзіне түсу керек. Себебі ол кімнің құрамаға кіретінін анықтайды. Басқа қыздар олқылық жіберсе, оның орнын басу мүмкіндігі туады. Содан құлшынысың артып, одан сайын көп жаттығасың. 


Құрамадағы қыздар олқылық жіберсе, оның орнын басу мүмкіндігі туады. Содан құлшынысың артып, одан сайын көп жаттығасың


Егер негізгі құрамаға жаңа спортшы қажет болса, онда юниордан барлығы бір деңгейде болу үшін автоматты түрде ең үздік спортшы ауыстырылады. Егер үш адам синхрон жүзуден кетсе, сәйкесінше, құрамаға юниордан үш үздік синхроншы алады. Әрине, бұл кезде запастағы немесе жарыстарға қатысқан спортшыларды таңдайды. 13-15 жас аралығындағы спортшылар юниор болып саналады, ал 15 жастағы спортшыларға юниорда да, негізгі құрамада өнер көрсетуге болады.

Топта және дуэттегі жұмыс айырмашылығы туралы

Қыздар топта және дуэтте қатар жаттығады. Жаттықтырушы спортшының қашан және немен айналысатынын өзі шешеді. Алдымен топпен бірге жаттығасың, содан кейін сені бір-бір жарым сағатқа дуэтте жаттығуға алып кетеді. Мұндай жаттығу төрт-бес сағатқа созылады.

Барлығы дуэтте жұмыс істеу қиын дейді, себебі топта кейде ісіңді шала жасауға болады деп ойлайды. Мен бұған келіспеймін. Топта қолдау бар, жеті адамның іс-қимылын қадағалауың керек.

Әзірге Олимпиада ойындарына біздің елден тек дуэттер ғана іріктеліп алынып жатыр, өйткені Қазақстандағы топтардың шеберлігі жоғары деңгейде емес. Жылдан-жылға біздің нәтиже жақсарып келеді, бір-екі жылдан кейін қыздар олимпиада ойындарына қатыса алады деп сенемін. Ал дуэттер әрдайым іріктеледі. Топтан дуэтке кіруге болады, барлығы спортшының еңбекке қабілеттілігі мен сырт-келбетіне байланысты. Егер қыздардың қол-аяғы ұзын немесе олар егіз болса, олардан дуэт шығару керек.

Әрқашан негізгі спортшы болады, оның жанына сырт-келбеті, қабілеті, күші бойынша сай келетін тағы екі спортшы болады. Жаттықтырушы онымен дуэтте кім тұратынын өзі шешеді. Жарыста олар бір бағдарлама бойынша бір құраммен өнер көрсетсе, екінші бағдарламаға басқа құраммен шығуы мүмкін. Олар үшеуі өзара алмасады, егер біреуі ауырып қалса, үшіншісі оның орнын басады. Топта бір қосалқы қыз барлық партияларды, позицияларды біліп, қалай жүзетінін, кімнің қолынан ұстауы керегін білуі тиіс.

Оқу мен спортты қатар алып жүру

Біз жалпы білім беретін мектепте 4 сынып оқыдық, 5-сыныпта №8 лицейге ауыстым. Лицейде спорт сыныбы ашылды, мұғалімдер бізге түсіністікпен қарады. Біз сабаққа бармай, жарыстарға қатысатын едік. Спорт мектебіне болашағынан зор үміт күттіретін баланы 7-сыныптан бастап қабылдайды. Мектепте сабаққа келмейтінімізге түсіністікпен қарайтын еді. Тек тоқсан соңында бақылау жұмысын жазып, тест тапсыратын едік. Оқу-жаттығу жиындары болмаған кезде, әрқашан мектепке баруға тырысатынбыз.

Жоғары оқу орнында бізге құрмет көрсетілді, себебі кез келген адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне жете бермейді. Университетке барлығы түсті: біреулер Қазақ спорт және туризм академиясына, ал біреулер ҚазМУ мен ЕҰУ-ға спорт факультеттеріне кетті. Онда да түсіністікпен қарадық, бірақ жаттығулармен қатар үйде бос уақытта бірдеңемен шұғылдануымыз керек еді. Сессияны жаттығулар арасында тапсырдық немесе жаттықтырушыдан сұранатын едік.

Командадағы қарым-қатынас жайлы

Команда ішіндегі қарым-қатынас әртүрлі болады. Мен құрамаға 16-17 жасымда келдім, ал басқа спортшылар 22-23 жаста болатын. Маған қарағанда олардың тәжірибесі мол еді. Меніңше, сол себепті командадағы спортшылардың арасында біраз түсініспеушіліктер болды. Олар үлкендер ретінде бөлмеге келіп, ерте оятуымызды сұрайтын еді. Кішкентайлар жаттығуларға арналған аппаратураны алып келеді де, жаттығу аяқталған соң қайта жинастырады. Сондай-ақ, жолда команда мүшелерінің жаттығуға киетін киімін тасып жүреді. Алайда бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс болғандықтан түсіністікпен қарайтын едік.


Олар үлкендер ретінде бөлмеге келіп, ерте оятуымызды сұрайтын еді


Қыздар бір-бірінен шаршағандықтан, жиі ұрысысатын. Сәйкесінше, команданың нәтижесі нашарлайтын. Әртүрлі атмосфера болды: барлығы бір-бірімен ұрсысады немесе себепсіз құшақтаса кететін. Әйелдер ұжымында өмір сүру қиын, себебі бәрі көңіл-күйге байланысты.

Ұзақ уақыт бойы турборежимде жаттыққан соң көбіне мораль тұрғысынан шаршайсың. Мұндай сәттерде ең бастысы, команда мықты болуы керек. Бір-біріңді қолдап, команданың мақсатын түсіну маңызды. Біз қыздармен дос әрі бір отбасыдай болдық, не дегенмен бірге есейдік қой.

Жұмыс күні

Таңғы сағат жетіде жаттығу басталады: хореография, жүзу және акробатика. Барлығы сағат онға дейін созылады. 10:00-ден 12:00-ге дейін демаламыз: түскі асқа барамыз, залда жатып, тынығамыз. Содан кейін жаттығуды қайта жалғастырамыз: бағдарламаны бес-алты сағат бойы пысықтаймыз. Оның ұзақтығы жаттықтырушының шешіміне байланысты. Жаттықтырушы команданың қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтінін тексереді. Сондықтан 12-ден 18:00-ге дейін суда жүзіп, бір нәрсені қайталай беруіміз әбден мүмкін. Содан кейін демаламыз. Білуімше қыздарда Азия ойындары алдында тағы бір қосымша жаттығу бар, яғни олар таңғы жетіден кешкі жетіге дейін жұмыс істейді. Үйге келіп, демалады. Келесі күні қайтадан жаттығады. Мұндай ырғақта, әсіресе, 10 адамнан тұратын командада өмір сүру өте қиын. Азия ойындарының алдында олар жарты жыл бойы бар күшін салып, тоқтаусыз жұмыс істейді.


Анамның жұмыс пен менің жаттығуларымның ортасында шапқылап жүргенін көрдім, сондықтан шағымданбадым


Кішкентай кезіңде спортқа тым көп уақыт жұмсайтыныңды ойламайды екенсің. Сол кездері бір жаттығудан екіншісіне жету үшін көлікте тамақтанатыным есімде. Анамның менің жаттығуларым мен жұмысының ортасында шапқылап жүргенін көрдім, сондықтан шағымданбадым. Қандай да бір наразылығым жасөспірім кезімде пайда бола бастады.

Командада біреудің туған күні болса, кейде клубта тойлайтын едік, демалыс күндері кино мен театрға баратынбыз. Жаттығудан кейін, әдетте, төсегіме әрең жететін едім. Кейде демалыс сенбі және жексенбі күндеріне түсетін, бірақ жаттықтырушылар тек жексенбі күні демалтатын. Бізде де басқа мамандықтағы адамдар сияқты толық жұмыс аптасы бар, алайда ақыл-оймен де, физикалық та жұмыс істейміз.


Бізде де басқа мамандықтағы адамдар сияқты толық жұмыс аптасы бар, алайда ақыл-оймен де, физикалық та жұмыс істейміз


Демалыс жайлы

Демалыстарымыздың болып-болмауы қатысатын жарыстардың санына байланысты. Бір жылда кемінде бес жарыста бақ сынаймыз, команданың дайындығы жоғары болса, одан көп жарысқа қатысқан кездеріміз болды. Жаттығу маусымы қыркүйекте физиканы арттыруға арналған оқу-жаттығу жиындарынан басталады.

Қаңтар-ақпаннан бастап жарыс кезеңі ашылады. Одан бұрын әрдайым Алматыда немесе астанада жиындар өтеді. Жиыннан кейін жарыстарға барамыз. Үйге ораламыз, бір-екі күн демалып, қайтадан жарыстарға дайыналамыз, бағдарламаны пысықтау басталады. Бір орында тұруға болмайды, үнемі жаттығып, күн сайын даму керек. Жыл бойы осы: жиын-жарыстар, жиын-жарыстар. Әлем чемпионаттарынан кейін әрқашан бір ай демалатын едік.

Емделу жайлы

Жаттығу циклі кезінде бізге ауыруға, сұрануға болмайды, бірақ мұны орындау өте қиын, өйткені адам ағзасы дәрумен, кальций жетіспеуінен және басқа да қиыншылықтардан анда-санда әлсірейді.

Жарақат алсаң спорт диспансеріне барасың, онда диагноз қойылады. Қаласаң ақылы ауруханаға баруыңа болады, бірақ бәрібір ем нәтижесін диспансерге, командаңа қарайтын спорт дәрігерлеріне әкелесің. Жаттықтырушыны хабардар ету керек. Егер құрамада болсаңыз, онда қандай да бір мерзімге шеттетіліп, емделіп, қайтып оралуға болады.

Үлкен жарыстарға дәрігер бізбен бірге барғанымен, басқа жарыстарға бармайды. Егер спортшы сайыста қатты ауырып қалса, командадағы басқа спортшы оның партиясын бірнеше күнде үйренуі керек. Бізде спортшының дене қызуы 40 градусқа көтеріліп, тамағы ауырып, әлсіреген кез болды. Жетекші спортшылардың бірін шұғыл ауыстыру өте қиын, бірақ алмастыруға бел будым. Бір партияға сол күйі қатыса алмадым. Бірақ шаршасам да екінші партияға қатысып, екі бағдарламаны орындап шықтым. Жағдайға қарай жылдам бейімделу кәсібилікке байланысты, себебі кейбіреулер мұны істемеуі мүмкін.

Шын мәнінде, егер қуаттанып, жеңуге деген ынтаң зор болса, онда еш жерің ауырмайды. Менің ойымша, бұл  психосоматика.

Жаңа бағдарламалар жайлы

Әлем чемпионатында бір бағдарламамен жеңіске жетіп, содан кейін онымен Олимпиадаға баруға болады. Бағдарламаның жаңа болуы маңызды емес, нәтиже орындалу сапасына байланысты. Бірақ біз екі жылда бір рет бағдарламаны өзгертетін едік. Жаттықтырушымен бағдарламаны өзгерту жайлы сөйлесеміз. Жарыстар саябырсығанда бағдарламаға өзгерістер енгіземіз.

Жаңа бағдарламаларды жаттықтырушы ойлап табады, кейде біз де элементтер ұсына аламыз. Бірлескен күш-жігермен барлығы құрылады. Бағдарламаны суда пысықтаймыз, ал құрлықта оны қолмен есептейміз. Қыста жаттығулар күмбездің астында бассейнде қалыпты режимде өтеді. Жазда қыздар ашық аспан астында күннен қорғайтын крем жағып, алты сағат бойы жаттығады.


Жазда қыздар ашық аспан астында күннен қорғайтын крем жағып, алты сағат бойы жаттығады


Жаттықтырушылар жайлы

Бастапқыда Қазақстанда синхрон жүзуді ресейлік спортшы дамытты, содан кейін біртіндеп отандық жаттықтырушылар келді. Негізінен олар өздері үлкен спортта, халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, Қазақстан деген елдің барын, бұл жерде де синхрон жүзу арнасының дамығанын көрсетті.

Шынымды айтсам, жаттықтырушылар біздің екінші ата-анамызға айналды, өйткені оларды өз ата-анаңнан жиі көресің. Оларға бастапқыда әрбір спортшымен жеке жұмыс істеп, ең алдымен жылы қарым-қатынас орнату керегін түсінген жөн.

Бізде үш негізгі жаттықтырушы бар. Біреуі құраманың дуэтімен айналысады, қалған екеуі құраманы да, юниор команданы да жаттықтырады. Олармен жұмыс істейміз, дамимыз, өзара қарым-қатынас орнатамыз.

Белгілі бір сәтке дейін жаттықтырушыларға басшылық тарапынан қысым көрсетілетінін білмедік. Мұның бәрін есейе келе түсіндік. Меніңше, мұндай нәрсе кез келген спорт түрінде бар.

Мамандықтың қыр-сыры

Көптеген спортшылар қалаларға, аудандарға бөлінеді; әр облыс өзінен шыққан спортшыға ақы төлейді. Спорт шебері деңгейіне жеткенде, бізге облыс 15 000 теңге төлейтін еді. Негізгі құрама 10 адамнан тұрады, онда кіргенде сізбен келісім шарт жасасып, жұмысқа қабылдайды. Осы кезден бастап спорт тек сүйікті есің емес, жұмысыңа да айналады. Келісім шартта жазылған барлық талапты орындау қажет. Алғашында жалақы аз болатын, сосын біртіндеп ұлғая бастады. Менің алғашқы жалақым шамамен 70 000 теңге еді. Екі жыл бұрын құрамада болғанымда 100 000 теңге алатынмын. Қазір білуімше, спортшылардың айлығы өсті. Командаға Азия ойындары үшін сыйақы берілді, онда үшінші орын алғанымыз үшін әрбір қатысушыға үш мың доллар төленді.

Елімізде синхрон жүзу дамыған екі облыс бар — Алматы және Қарағанды. Қазақстан чемпионаты әдетте жабық форматта өткізіледі. Ол жерде Қарағанды және Алматы облыстарынан келген спортшы қыздардың дайындығын көреді. Басқа өңірлер ұсынылмайды. Өзге қаладағы оқу-жаттығу мен жиынның барлық шығынын федерация өз мойнына алады.

Синхроншылардың да, жүзушілердің де, суға секірушілердің де жаттығатын ортақ кешені жоқ. Әртүрлі жерде дайындалуға тура келеді. Негізгі жаттығулар Орталық стадиондағы «Рахат Фитнес» бассейнінде өтеді. Қазір қыздарды барлық қажет затпен қамтамасыз етуде, оларға жеке зал берілді. Спортшылар күні бойы бір жерде жаттығады. Бұрын біз бір бассейннен екінші бассейнге көшетін едік, арасында тамақ ішіп, аяғымызды демалтатынбыз. Қазір барлық жағдай жасалып жатыр, тіпті қыздарға жақсы сападағы киім беріледі.

Біз үшін әрдайым Ресей құрамасы үлгі болды. Олардың әдемілігі мен бір-бірімен үйлесімділігі таңдандырмай қоймайды. Жарыстарда олардың қалай жаттығатынын, жаттықтырушылармен өзара қарым-қатынасын көріп, олардың тәртібін командаға алып келуге тырыстық. Жаттықтырушылар да әріптестерін бақылап, құраманың нәтижесін жақсарту үшін жұмысқа түзетулер енгізеді.

Бізде гримерлер болған жоқ, бәрін өзіміз жасайтынбыз. Косметика суға төзімді емес, түріміз айқын көріну үшін опа-далапты қабаттап жағатын едік. Қазір кейбір ережеге сай көзге оттай басылатын макияж жасауға тыйым салады, ол жеңіл болуы керек.

Синхрон жүзу субъективті спорт түрі. Бұл спортта қазылар су астындағы биіктігіңе мұқият қарайды, бассейнге келе жатқанда бойыңның ұзындығын бағалайды, бағдарламаны орындауың мен оны синхрон түрде жасау ескеріледі. Нәтиже көптеген нәрсеге байланысты. Сондай-ақ әртістік шеберліктің де маңызы зор, техникалық жағынан жеңімпаздар басқалардан үздік болуы керек. Осы көрсеткіштерді жинақтай отырып, бізге ұпай беріледі.


Менде Олимпиадаға жетемін деген белгілі бір мақсат болмады, бар болғаны қолымнан келгеннің бәрін істедім


Үлкен спорттан кейінгі өмір

Қазір мен құрамада емес, коммерциялық бағытта бапкермін. Спорттық мансапты аяқтағаннан кейін тәжірибем, атағым, жоғары білімім бар. Жұмысымда барлық жағдай жасалған. Дегенмен, көп нәрсе жүзудің сізге ұнап-ұнамауына байланысты. Мұны жақсы көретін спортшы бұл істе кәсіби маман болып шығады. Егер спорттан кетсең, құрамада кішкентай балалармен, жасөспірімдермен немесе негізгі құрамамен жаттықтырушы ретінде жұмыс істей аласың. Ал бұл бағыт ұнамаса, коммерцияға кетіп, фитнес-клубтарда жаттықтырушы болып жұмыс істеуге болады, онда жалақы жоғары. Бізде негізінен көбі спорт клубтарындағы немесе кеңседегі жұмысты таңдайды.

Спортшылар үлкен спорттан әртүрлі себеппен кетеді: біреулер жаттықтырушылармен сөзге келіп қалады, біреулердің денсаулығы сыр бере бастайды, біреулері жай шаршап, өмірін өзгерткісі келеді. Ал менде Олимпиадаға жетемін деген белгілі бір мақсат болмады, бар болғаны қолымнан келгеннің бәрін істедім.

Біз әлеуметтік желілерде тек өзіміздің жеке парақшамызды жүргіземіз. Арамызда танымал тұлғалар жоқ. Қазіргі құрамада влог түсіретін қыз бар, бірақ парақшасы қаншалықты сәтті екенін білмейді екенмін. Меніңше, спортшылар бұдан жоғары, сондықтан әлеуметтік желімен және видеотүсірумен айналыспайды.

Жеке өмірін құрғысы келген адам оған уақыт табады. Көбі спортшылармен қарым-қатынас құрады. Әрине, оқу-жаттығу жиынына кеткен кезде белгілі бір қиындықтар туады. Жүктілігінің екінші-үшінші айында өнер көрсетіп, кейін декреттік демалысқа кеткен спортшыны білемін. Артынша қайтып келіп, екі жылдан кейін тағы да жүкті болып, чемпионатта өнер көрсетті. Сондықтан жеке өмір мен спортты бірге алып жүруге болады деп есептеймін. 

Аударған: Ақерке Ораз


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз