The Village Қазақстандағы түрлі мамандық өкілдерінің жеке бюджеті қалай құралатынын анықтауды ары қарай жалғастырады. Бүгінгі басылымда – кірпік ұзарту шеберi. Біз онымен сөйлесіп, клиенттер, қиындықтар мен шығындар жайлы білдік.

МАМАНДЫҚТАР

Кірпік ұзартатын шеберi


шебер

500 000 теңге


Шығындар

80 000 ТЕҢГЕ

орынды жалға алу

71 000 ТЕҢГЕ

материалдар

20 000 ТЕҢГЕ

коммуналдық қызмет

20 000 ТЕҢГЕ

бензин

40 000 ТЕҢГЕ

қызының балабақшасы

30 000 ТЕҢГЕ

ойын-сауыққа

50 000 ТЕҢГЕ

азық-түлік

Кірпік ұзарту бойынша шебер атану

2011 жылы істейтін іс болмағандықтан, университетке сырттай түстім де, қосымша парфюмерия және косметика сататын дүкенге жұмысқа тұрдым. Бір жыл ішінде бұл атмосфера мені баурап алды, алайда жұмыс кестесінің қатаңдығына байланысты оқуға уақыт табу қиын болды. 2013 жылы құрбым басқа бір саланы байқап көруді ұсынды, «Қазір қыздардың кірпіктерін ұзартып алатынын сен білетін бе едің? Мүмкін, үйреніп аларсың? Әрі жұмыс кестесін де өзің құратын боласың» деді. Мен ақпарат жинай бастадым: Санкт-Петербургтен кірпік ұзарту бойынша жақсы бір шеберді тауып, оның қыр-сырын толық меңгеріп алдым. Артынша түрлі біліктілікті арттырулар басталып, осылайша білгенімді жетілдіре бердім.

Көз — беттең ең нәзік бөлігі, бұл жерде әр қозғалысың барынша жұмсақ әрі бірқалыпты болуы тиіс, дегенмен де қысқыштан бір де бір талшық түсіп қалмауы үшін қол буыны әрдайым ширығып тұрады. Көзбен жұмыс істеген кезде көптеген қыздардың сезімталдығы жоғары екенін түсіну қажет: шырышты қабыққа тиіп кетпеу керек, әйтпегенде күйік орын алуы мүмкін.

Бірінші және аса маңызды икем — модельдеу. Көздің түрлі пішіндерімен, асимметриямен жұмыс істеп үйрену керек. Кірпікті жай ғана жабыстыра салу екінің бірінің қолынан келеді, бірақ образ жасау оңай емес. Кірпіктің көмегімен сыртқы кемшіліктерді жасыруға немесе, керісінше, бар әдемілікті одан сайын арттырып, күнделікті боянуға деген мұқтаждықтан арылуға болады. Екіншіден, кірпік төрт апта немесе одан да ұзақ тұруы үшін желімнің қалай жұмыс істейтінін, оның қасиетін және ерекшеліктерін білу керек.

Үйретудің негізгі курсы үш күн жүреді, артынан, кез келген басқа саладағы секілді құрбыларыңа, таныстарыңа қарқынды түрде тәжірибе жүргізу керек. Тәжірибең жақсы болса мамандықты шамамен бір айдың ішінде меңгере аласың. Сондықтан да бастапқы курс аса маңызды, оған келгенде үнемдеудің қажеті жоқ. Көбі арзанырақ курстар іздейді, ақырында 90 %-ы бізге қайтадан оқуға келіп, бастапқы екі сағат теория кезінде айтылғаннның 20 %-ын да үйрене алмағандарын айтады.

Мамандықтың ерекшеліктері жайлы

Мен өз жұмысымды жақсы көремін және адамдармен тез тіл табысамын. Әр клиенттің көзі ғана емес, өзіндік тағдыры да әртүрлі. Әдайым клиенттің ырқына жығылуға тырысамын, егер ол сыр тарқатуға дайын болса, қуана-қуана әңгімеге тартамын, бізге түрлі мамандықты меңгерген нәзік жандылар келеді, сондықтан да әңгіме қылатын тақырып жеткілікті. Біз тыңдаймыз, кеңес береміз, ал кейде оның сериалында не болғанын білу үшін клиенттің келесі жолы келуін күтеміз.

Егер клиентім шаршап келсе және күнделікті күйбең тірліктен демалуды қаласа, тыныштық сақтаймын. Жанға жайлы музыканы сәл қаттырақ қоямын, әдетте, мұндайдан кейін олар ұйықтап кетеді, ал мен өз ісімнің ләззатына бөленемін. Айтпақшы, клиент ұйықтап жатқанда немесе тыныштық сақтағанда жұмыс тезірек жүреді.

Бір жағдай өмір бойы есімде қалды: клиент келіп, 10 мың теңгелік ең қымбат кірпікті таңдады. Екі сағат бойы жылы сөйлесіп, бір-біріміздің сенімімізге әбден кірдік, процедура аяқталған соң ол кірпіктеріне қарап қатты риза болды. Ақысын төлеу керек болғанда сөмкесін ашып қарады да: “Ой, мен әмиянымды жоғалтып алған секілдімін” деді. Сөмкесін ақтарып: “Қараңызшы, әмияным жоқ, міне. Мен ақшаны сіздің картаңызға салайын” деп ұсыныс тастады. Мен келістім, алайда оның телефонының қуаты таусылып қалған болып шықты. Кешкі уақыт болатын, клиентім жинала бастады да: “Мен қазір үйге бара сала ақшаны сізге жіберемін” деді. Неге екенін білмеймін, бірақ мен сеніп қалдым, соған қарағанда, алаяқтар адамды көндіруді білетін секілді. Әрине, бұдан соң ол әйелді көрген емеспін, қанша рет басқа нөмірден де қоңырау шалып көрдім – бірден блокқа қойып тастайды.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Бұл мамандықтың артық тұстары жеткілікті. Біріншіден, көретін пайдаң. Бір күнде Қазақстандағы орташа статистикалық жалақының жартысын жасауға болады, шамамен 40 мың теңге. Екіншіден, қарым-қатынас, сен үнемі айналада не болып жатқанын біліп отырасың. Үшіншіден, алға қарай өсу, даму мүмкіншілігі, индустрия бір орында тұрмақ емес, жаңа техникалар, чемпионаттар, вебинарлар. Және, әрине, өз кәсібіңді ашып алып, пассив табысқа шығу мүмкіндігі.

Кемшіліктер қатарына, бірінші кезекте, аллергияны жатқызамыз – желімнің буы уытты. Мен желімге үшінші жыл қатарынан аллергия беремін, сондықтан да жаңадан бастаған шеберлерге респираторлы бетперде киюге немесе желімнің тамшысын сумен басуға кеңес беремін. Тағы бір кемшілік ретінде арқаға қатысты түйткілді атауға болады, бес-алты, кейде тіпті жеті сағатқа дейін отыру зиянды екені белгілі. Дегенмен, аяғы мен биіктігін икемдеуге болатын ыңғайлы кушетка табылса, барлығы жақсы болады.

Ең маңызды аспект — жұмыс кестесінің еркіндігі. Егер дәрігерге қаралу керек болса немесе үй шаруасына қатысты уақыт талап етілсе, сұранудың немесе демалыс алудың қажеті жоқ, жай ғана адамдарды ертерек немесе кешірек қабылдайсың. Қаласың – мүлде шықпайсың. Бір жағынан клиенттер өздерін түнгі сағат 12-де немесе таңғы 7-8-дерде қабылдауға көндіріп жатады, өйткені біреуі жол жүруі керек, енді біреуінің түсірілімі бар дегендей. Барлығы демалып жатқанда, біз жұмыс істейміз, себебі демалыс және мереке күндері жазылатындар көп болады.

Кертартпа пікірлер

Мұндай саланы көбінесе оқудан қашатын, жоғары білімі жоқ қыздар таңдайды деген кеңінен тараған кертартпа пікір бар. Алайда, мүлде олай емес. Мен білімім бойынша педагог-психологпын, біздің арамызда бухгалтерлер де, аудиторлар да, экономистер де бар. Жай ғана шығармашылық адамдарына күні бойы кеңседе отырып, бір аптадан-бір аптаға жету қиын.

Сондай-ақ өз кірпіктеріңнің бәрі түсіп қалады да, қайтадан шықпайды, сондықтан да кірпікті ұзарту зиянды деп жатады. Маған жаңа клиенттер қоңырау шалып, ал өз кірпіктерім түсіп қалмайды ма деп сұрағанда, міндетті түрде түседі деп жауап беремін. Біраз үнсіздіктен кейін кірпіктердің де тура шаш секілді жаңарып тұратынын түсіндіремін. Тек бұл 90 күнде бір рет, яғни жаңа кірпік ескі кірпікті итерген уақытта болады, ал шебердің міндеті талшықты түйінге тиіп кетпеу. Сондықтан да мен техниканы сақтап, қабақтан шегініс жасаймын.

Кіріс

Кіріс әрдайым маусымға байланысты. Желтоқсан мен наурыз – ең табысты айлар. Егер күніне бес клиенттен қабылдасаң, 40 мыңға дейін табуға болады. 2016 жылы желтоқсан айында демалыссыз – жалға алу және материал шығындарынсыз жұмыс істедім – сонда 28 жұмыс күні ішінде 1 миллион 120 000 теңге таптым. Бұл менің ең жоғарғы табысым, алайда мұндайдан кейін ауруханаға түсуің де ғажап емес, сондықтан да ондайды қайталаған емеспін, әрі отбасым да осынша уақыт бойы салонда жүруіме рұқсат етпейді. Қазір мен күніне түске дейін екі-үш адам қабылдаймын, түстен кейін өз шаруаларыммен жүремін, бұл өте қолайлы.

Шығындар

Кәсіби шығындар жайлы айтар болсақ, бірінші кезекте ақша орынды жалға алуға кетеді. Үнемі ақшаны алдымен арендаға, артынша материалға жинаймын. Әр екі апта сайын студиядағы желімді жаңартамын, бұған 24 мың теңге кетеді, жылына бір рет зауыттан корей кірпіктерін аламын, мұнда оларды қолмен жинайды. Бір дегенде 1 000 долларға аламын – зауыттың талабы сондай. Мың долларды 12 айға бөлсек – айына 31 000 теңге кірпікке кетеді. Аппликаторлар — 11 мың, ремуверді (кірпікті жылдам шешуге арналған препараттар — шамамен, ред.) ай сайын жаңартамын — бұл 5 000 теңге.

Сондай-ақ қызыма жұмсалатын шығындар бар, киім алу, ойыншық әперу дегендей. Өзім жайлы да ұмытпаймын: тырнақтарым, қасым – осының бәрі менің ай сайынғы шығындарым. Сондай-ақ кофе мен тәтті тоқашқа кететін ақша тағы бар, клиенттер ауысқанда жүрек жалғап алу да керек қой.


Иллюстрация: Арина Леонтьева 

МәтінМалика Муханова