21 жастағы Гүлхан Білген Алматыда туып-өскен. Ол Galaxy халықаралық мектебін, кейін Нью-Йоркта Digital Film Academy-ді бітірген. Қазір Гүлхан — осы оқу орнының Орталық Азиядағы өкілі. Бүгінгі сұхбатта жас маман Нью-Йоркта тұрудың ерекшелігі мен қиындықтары және Digital Film Academy-де оқудың артықшылықтары жайында айтып берді.


Digital Film Academy-ге қалай тап болдым?

Мен өзімді әрдайым кино саласынан көргім келетін. 6-сыныпта оқып жүргенімде режиссер боламын деп шештім. Себебі бір ғана іспен айналысудан тез жалығамын, ал кино әлемінде, менің ойымша, үнемі жаңа белестер мен таныстар пайда болады. Режиссерлықты меңгеру үшін мол тәжірибе керек деп, MAYA бағдарламасын үйреніп, 3D форматындағы анимациялық мультфильмдерді сала бастадым. Кейін мультипликацияға қызығушылығым ұлғайып, портфолио дайындап, бұл мамандықты тереңінен оқуды ойладым. Мультипликация — дамып жатқан сала. Бірақ елімізде білікті мультипликаторлардың жетіспеушілігі де бұл мамандықты таңдауыма себеп болды.

Әртүрлі жоғарғы оқу орындарын қарастыра келе, Түркиядағы Ipek University-де анимация мамандығын меңгеруді жоспарладым. Ол үшін SAT, IELTS тестілерін тапсыру керек болатын. Түркияда оқитыныма сенімді болғандықтан ҰБТ-ға кірген жоқпын. Бұл менің ең үлкен қатем болды. Себебі мен оқуға түскен жылы Түркиядағы саяси жағдайға байланысты университетім жабылып қалды. Оқу жылы басталып кеткендіктен мен не істерімді білмей, елге оралған соң КТА тапсырып, Тұран университетіне түстім. Бірақ ол кезде де «шетелде білім аламын» деген ойымнан таймаған едім. Тұранда оқи жүріп, Франция, АҚШ, Канададағы оқу орындарына тапсырдым. Нәтижесінде Канаданың Йорк университетіне өткенмін. Бірақ маған виза бермей қалғандықтан оқуға бара алмай қалдым. Одан кейін New York Film Academy-ге түскім келді, бірақ ондағы оқу ақысын қалтам көтермейтіндіктен басқа жерлерді іздестіре бастадым. Сөйтіп, барлық оқу орындарының арасында бағдарламасы мен бағасы бойынша Digital Film Academy-дің шарттары ұнады. Профессорлармен хат алмасып, академия туралы толығырақ білген соң қаңтарда Нью-Йоркқа аттандым.

Тұранда оқыған бір жылыма өкінбеймін. Кинооператор мамандығы бойынша алған білімім шетелде пайдаға асты. Қазақстанның киноиндустриямен, тарихымен жақын танысып барғаным әлдеқайда жақсы болды. Америкалықтарға Қазақстан мен оның кино өнеріндегі туындыларын таныстыруда еш қиналмайтын болдым. Әр нәрсенің қайыры бар деген осы шығар.

Digital Film Academy-де оқудың шарттары қандай?

Кино шығармашылық сала болғандықтан, Америкада грант аз бөлінеді. Тегін оқу мүмкіндігі жоқтың қасында. Сондықтан мен ата-анамның қолдауымен ақылы бөлімде оқып келдім.

Академияда оқу бір жылға созылады. 12 айда үш семестрді аяқтайсың. Оқыту екі бағдарлама бойынша жүзеге асады: бірі — тәжірибесіз студенттерге арналған Filmmaking, екіншісі — тәжірибелі мамандарға арналған Advanced бағдарламасы. Екі бағдарламаны кезегімен екі жыл оқуға немесе біреуін ғана меңгеріп шығуға болады. Мен Filmmaking бағдарламасымен білім алдым. Оқу барысында профессорлар сценарий жазудан бастап, дыбыс өңдеуге дейін — кино саласының бар қыр-сырын үйретті.

Сабақтарды қалауыма қарай таңдау мүмкіндігім болды. Бұл өте үлкен артықшылық деп ойлаймын. Себебі мен жылдың басында мультипликатор боламын деп 2D, 3D бойынша оқыту дәрістерін таңдадым. Бірақ уақыт өте келе мұның маған ұнамайтынына көзім жетті. Сондықтан басқа сабақтарға ауысып, продюссерлікті оқып шықтым.

Академиядағы оқуымды бітірген соң OPT (студенттерге Америкада жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы виза — ред.) жасап, Америкада жұмыс істеу мүмкіндігімнің болғанына қарамастан елге оралуды жөн көрдім. Шетелде жүргеннен гөрі, еліме пайда әкелгім келді. Қазақстанның кино саласының дамуына үлесімді қоссам ба деймін. Сонымен қатар, Digital Film Academy-ге оқуға түскісі келетін студенттерге көмектескім келеді.

Digital Film Academy-ге түсу үшін не істеу керек?

Академия студенттерді жылына үш рет қабылдайды. Оқуға тапсыру үшін аттестат, портфолио мен виза керек. Сондықтан мектепті бітірген соң оқуға асықпай тапсыруға болады. Ең басты нәрсе — ағылшын тілін жақсылап меңгеру керек. IELTS, TOEFL, SAT сияқты тестілерді тапсырудың қажеті жоқ. Ал портфолионы дайындауға мен көмектесе аламын. Ол үшін фото, видео сияқты осы уақытқа дейін жасаған шығармашылық жұмыстарды жинақтап көрсету керек.

Digital Film Academy бакалавр емес, колледж болып саналады. Ол Манхэттендегі Times Square-дің жанында орналасқан. Оқу орны қажетті сыныптармен, түсірілмге керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Шетелдік студенттерге жатахана қарастырылмағанымен академия тұратын жер табуға көмектеседі. Басқа студенттерімен бірігіп пәтер жалдауға да болады.

Digital Film Academy-де грантта оқу қарастырылмаған. Бірақ жыл бойы ең жоғарғы баға алып, сабақты қалдырмай, үй тапсырмасын күнделікті орындайтын үздік студенттің оқу ақысын академия жыл соңында қайтарады. Америкалықтардың не үшін бұл оқу орнын таңдағанын сұрағанымда, олар «Барлық жерде бір нәрсені үйрететін болса, артық ақша төлеп қайтеміз?» дейтін. Расымен, бұл салада ынталы әрі талпынысы мықты адам қай жерден білім алса да, өзін жақсы көрсете біледі деп есептеймін.

Мен қалай Digital Film Academy-дің өкілі атандым?

Біздің директор Патрик Ди Ренна өте қарапайым, студенттермен жақсы тіл табысады, көрген сайын хал-жағдайымызды сұрап тұрады, әр студентін бағалайды. Жалпы, Америкалық білім беру жүйесінің ерекшелігі осында. Басшылар «мен директормын» деп, кабинетте отырмайды. Биыл ол Қазақстанға келіп, 48hfr кинофестивалінің аясанда тегін мастер-класс өткізді. Бұл шара кезінде байқау жариялап, үш жеңімпазды Нью-Йоркта бір апта сабақ алуға жібердік. Олардың Digital Film Academy-ге барып келуін біз толықтай қаржыландырдық.

Өзімді академияның Қазақстандағы өкілі болуға ұсынғанымда, Патрик Ди Ренна бірден қызығушылық танытып, қабылдады. Содан соң келісімшарт жасасып, қол қойдық. Осылайша мен академияның Орталық Азиядағы өкілі атандым.

Қазір мен академияның өкілі ретінде студенттерге оқуға түсуге, мамандықты таңдауға, виза алуға, тұратын жер табуға көмектесемін. Егер талапкердің ынтасының жоғары екенін байқасам, тіпті, портфолио жасауға да жәрдемдесуге дайынмын. Бастысы, мұның бәрін тегін жасаймын.

Қазақстан мен АҚШ: кино өнерін оқытудағы айырмашылықтары

Қазақстанда оқу жүйесі нашар ұйымдастырылған. 4-5 жыл университте жүргенімен, не оқып жатқанын білмейтін студенттер бар. Бізде оқу бағдарламасын созып тастаған. Ал Америкалықтар уақытты бағалайды, сондықтан интенсивті түрде қажетті білімді барынша тез үйретуге, мамандықтың қыр-сырымен таныстыруға тырысады. Ол жақта адамдардың арасындағы қарым-қатынас та басқаша. Студент пен профессор тең дәрежеде. Сенің өзіндік проблемаларың, жұмыстарың болатындығына түсіністікпен қарайды. Бір нәрсені білмеуің, түсінбей қалуың мүмкін екендігін біледі және білмеген нәрсеңді сұрасаң әрдайым түсіндіріп береді. Түсіндіргенде түп-тамырына дейін еніп ұғындыруға тырысады. Ал бізде сен бәрін білуің керексің. Студент болсаң, адам деп қарамайды, яғни өз алдына жеке тұлға ретінде қабылдамайды.

«Қазақстанның кино әлеміне өз үлесімді қосқым келеді»

Қазір «Қазақфильмде» тəжірибе жинап жүрмін. Сонымен қатар, «Байқоңыр» атты қысқаметражды кинофестивальді ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып жатырмын. Болашақта студенттердің түсірген қысқаметражды фильмдерін шетелде танытуды қалаймын. Себебі жас мамандарға жаңа көзқарас пен қолдау жетіспей жатады. Шығармашылықта Қазақстандық киноны дамытқым келеді.


Мәтін: Қания Табыс

Фото: кейіпкердің жеке архивінен