Алматыда қоқысты сұрыптайтын, қайта өңдейтін, оны шикізатқа айналдыратын мекемелер бар. Бірақ шикізаттан дайын өнім жасап шығаратын ұйымдар жоқтың қасында.

Қазақстандағы осындай эко-ұйымдардың бірі — Rocket Plastic бір жылдан бері пластиктен шикізатты өндіріп қана қоймай, одан тауар жасап, халыққа сатуды жүзеге асырып келеді. Жобаның жетекшісі Данияр Бакимов бізге эко-нарықтағы жағдай, атакенттік тиіннің эко-қаптамасы мен Rocket Plastic-тің алға қойған мақсаттары туралы айтып берді.

Rocket Plastic-ті құру идеясы қайдан пайда болды?

Әріптестерім Ильдер Приманов, Кенен Скаковпен бірлесе отырып, былтыр Rocket Plastic жобасын бастадық. Бұл идея 2018 жылғы марафоннан кейінгі пластик бөтелкелердің үйіндісін көрген кезде пайда болды. Қалдықтың көп болғаны соншалық, оның полигондағы тағдыры мені алаңдата бастады. Себебі әрі кеткенде бір-екі сағат пайдаланылатын бөтелке, целлофан сияқты қоқыстың шіруіне 500 жылдай уақыт керек. Ал қазір экологияның жағдайы онсыз да өте нашар.

Пластиктен не жасауға болатынын зерттей келе, нидерландиялық өнертапқыш Дейв Хаккенстың идеясын Қазақстанда жүзеге асыруды жөн көрдік. Ол үшін алдымен пластикті сұрыптап, тазалағаннан кейін, оны ұсақтайтын шредер арқылы шикізат өндіреміз. Кейін ұсақталған пластик күйіндегі шикізатты престеуші аппаратқа салып, белгілі бір температурада қыздырамыз. Нәтижесінде оны қалаған форма мен қалыпқа келтіріп, сағат, шелек, ыдыс не жиһаз сияқты дайын тауарға айналдырамыз.

Әрине, шикізатты өңдеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Оның бәрін жұмыс кезінде қалыптастырдық. Мысалы, әр тауарды бірмаркалы пластиктен жасау керектігін, шикізатты бояуға болмайтынын, оны қалай кесіп, қалай қырнап өңдеу керек екенін қазір жақсы білеміз.

Rocket Plastic қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

Компанияның концепциясы ұзақ жасайтын дизайнерлік дүниелерді өндіруге әрі экологияның жағдайын жақсартуға бағытталған. Бір жыл бұрын идеямыздың осыншалықты тез танылып, көпке жылдам таралып кететінін болжаған емеспіз. Жақында Rocket Plastic “Бизнес мектепте” кейс ретінде қаралды. Сол кездегі есептеулеріміз бойынша компания бір жылдың ішінде 10 миллион көлемінде табыс әкелген. Бұл — біздің ұтқан гранттарды қосқандағы көрсеткіш. Қаражаттың басым бөлігін өндіріске қажет аппарат жауға, құрал-жабдықтарды алуға жұмсадық.

Қазір Rocket Plastic үш бағыт бойынша жұмыс істейді: пластиктен тауар шығару, пластикті қайта өңдейтін аппараттар жасау және әлеуметтік ортада белсенділік таныту.

Rocket Plastic-тің концепциясын ойластырған кезде біз оны инвестициялар арқылы көтеруді жоспарладық. Алайда кейін оның қоғаммен тығыз байланыстағы әлеуметтік жоба екенін түсіндік. Сондықтан жеке инвестициялардан гөрі мемлекеттік не корпоративтік қолдауға сүйендік. Осылайша жасыл экономика бағытында мүмкіндіктер бар жерде өзімізді таныта бастадық. Бизнес-идеяларды қолдайтын байқауларға қатысып, гранттарға тапсырдық.

Шеберхананың аппараттары - өзіміздің өнім

Шеберханадағы барлық машинаны Алматы технологиялық университетімен бірлесе отырып жасадық. Бастапқы кездері кейбір материалдарын шетелден тапсырыс беріп алдыртатынбыз. Қазір бұл - таза қазақстандық аппараттар. Жаңа шеберхананы осындай машиналармен қамтамасыз ету үшін бізге бір ай жеткілікті. Келесі жылдан бастап пайдаланатын жаңа техниканы да өзіміз жасаймыз.

Бүгінде Қарағанды мен Рудныйда өндіріспен айналысатын дәл осындай шеберханалар бар. Оларға біз шредер, пресс сияқты аппараттарды жасап жібердік. Алдағы уақытта Астанада шеберхана ашу үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстанның басқа қалаларынан да инвесторлар мен осындай бизнесті жүргізуге дайын адамдарды тапсақ, өндіріс машиналарын құрастырып жібереміз, оларды орталық жүйеге қосамыз. Бұл эко-бизнестің кеңеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экологияның жақсаруына септігін тигізеді.

Краудфандинг, 3D принтерлердің жібі мен дизайнерлік жиһаз

Бүгінге дейін біз шамамен 4 тонна пластикті өңдедік. Одан қоқыс жәшіктері, себет, сағат, дизайнерлік материалдар сияқты тұрмыстық тауарларды шығардық. Соңғы кездері үстелдер мен орындықтарды жасауға көштік. Бұрын жиһаз өндірісін ойластырғанда пластикті тек сән қаптамасы ретінде қолдансақ, қазір біз үстелді толықтай пластиктен дайындап жүрміз. Ол үшін 5-7 миллиметрлік пластик тақтайшаларды материал ретіне пайдаланып, жиһаз шығарамыз.

2020 жылдан бастап жиһаз өндірісіне басымдылық беруді жоспарлап қойдық. Себебі ол — ұзақ қолданылатын экологиялық тауар. Бұл бізді өнеркәсіптік деңгейге шығарады. Сондықтан алдағы уақытта жұмысты оңтайландыратын жаңа құрылғыларды жасап алуды жоспарлап отырмыз.

Келесі жылдан бастап 3D-принтерлердің жібін жасауды да қолға алмақпыз. Себебі бұл жіптер онсыз да пластиктен өндіріледі. Неге оны қалдықтан жасалған материалға алмастырмасқа? Сапасы бойынша қазіргі қолданыстағы жіптерден еш айырмашылығы жоқ. Оны жасау үшін балқытылған шикізаттан экстудер арқылы қажетті қалыңдықта материалды басып шығарамыз. 3D-принтерлер көбіне университетте қолданылатындықтан қазір біз министрліктің бұл идеяны мақұлдағанын күтіп отырмыз.

Сонымен қатар, 2020 жылы халық арасында краудфандинг жасайтын ойымыз бар. Себебі өнеркәсіптік деңгейге көшетін болсақ көп пластик қажет болады. Оны жинау үшін 20 шақты контейнер орнату керек. Әзірге біздің төрт контейнеріміз бар: бірі Атакентте, қалған үшеуі Сәтпаев университетінің аймағындағы технопаркта орналасқан шеберханамыздың қасында. Жиналып қалған қалдықты осында әкелуге болады.

Атакенттік тиін қашан пластикпен қапталады?

Тиін біздің жасап шығарған материалмен көктемде қапталады. Келісімшарт бойынша біз 900 келі панельді жасап шығаруымыз керек. Ол үшін бізге шамамен 2,5-3 тонна пластик қажет. Қазіргі уақытта Rocket Plastic 1,5 тоннаны өңдеп, бірінші партияны жіберді. Бірақ біз үшін бұл жоба сәтсіз болды. Ол әлі аяқталмаса да, ешқандай пайда таппайтынымызды түсіндік. Жұмысты шамамен 2 миллионға жасауды көздеп едік, қазір бұл бағаның осыншалықты ауқымды жоба үшін аз екенін көріп отырмыз. Уақыт және басқа да ресурстардың жетіспеушілігінен идея ақталған жоқ. Енді мұндай жобаларға кіріспестен бұрын жақсылап ойланатын боламыз.

Қоғамның пластиктен жасалған тауарға сұранысы қандай?

Қазіргі тұтынушылар қоғамында азаматтар өте көп қалдық шығарады. Себебі кез келген тауар пластик қаптамада сатылады. Пластик барлық жерде бар. Ал көпшілік қандай да бір затты аларда одан қалатын қалдық туралы ойланбайды да. Пластикті өңдеп, шикізат шығаратын мекемелер көп-ақ. Бірақ олардың барлығы дерлік полипропилен сияқты жұқа пластикті қабылдамайды. Себебі одан жасалған шикізатты өндірісте қолданатын мекеме кемде-кем. Сондықтан біз пластиктің барлық маркасын пайдалануға, оған да екінші өмір сыйлауға тырысамыз.

Жалпы, Rocket Plastic-тің тауарларына сұраныс жоғары. Мысалы, клиенттеріміз біздегі үстелдің бұрын бөтелке немесе Fairy-дің қаптамасы болғанын білгенде оның қызығушылығы артады. Тарихы бар тауардың құндылығы да жоғары деген осы шығар. Әрі мұндай өнімді алғанда экологиялық апаттың алдын алуға үлес қосқаныңды сезінесің.