Біз үш баланың анасы және қазақстандық ірі компанияның маркетинг директоры Нина Нұрамбековамен әңгімелескен едік. Нина декреттік демалысында бизнес ашып, «Тұмар» киім брендін іске қосып, миллион теңгедей табыс тапты.

Өзім жайлы

Мен әрқашан қолдан бір нәрсе жасағанды ұнататын едім. Тігу, кесу, сызу немесе сурет салуға жақынмын. Бала кезімде күні бойы әжемнің тігін машинасында киім тігіп отыра беруші едім.

Киім-кешек пішуді жақсы көрдім, бірақ оны ешқашан кимейтінмін. Себебі киімді одан да жақсы етіп тігуге болатынын түсінетін едім. Мүмкін, шығармашыл адамдардың бәрі істеген жұмысына іштей көңілі толмайтын шығар. Мен де солардың қатарынанмын.

Мектеп бітіргеннен кейін бәрі өзгеріп кетті. Германияға оқуға түстім, кейін елге қайта оралдым, жұмысқа орналастым, тұрмыс құрып, ана атандым. Жұмыс, маңызды кездесулер мен мансаптың орнын жаялық, балалар мен ертегілер басты. Нағыз ересек өмірдің басталғанын сол кезде түсіндім.

Идея туралы

Декреттегі өмірім бірсарынды: таңертең оянып, балаларға таңғы ас беру, олармен серуендеу, балаларды қайтадан тамақтандыру, оларды ұйықтату, жаялықтарды жуу, үй жинау, кешкі ас дайындау керек. Күні бойы тыным таппастан тұрмыстық шаруадан босамайтындықтан, кешке демалғың келеді. Шаршасам да кешкі уақытымды бос нәрсе немесе ұйқыға жұмсамайтынмын. Қызық нәрсемен айналысуды жөн көрген едім. Жаным шығармашылықты қалады.

Әдеттегі кештердің бірінде балалардың киімін жуып отырып, ұлға арналған футболка мен шалбар табу оңай, ал қыз балаларға киім таңдаудың қиын екенін ойладым. Кейде жақсы көйлек, шалбар алу үшін бүкіл қаланы айналып шығуға тура келеді. Қызыма киім-кешекті өзім тіксем жақсы болар еді деп армандадым.

Алғаш қадам

Бизнесте тәжірибем болған жоқ, ал киім тігу саласынан тек кішкентай кезімде үйренгенім ғана есімде. Неден бастарымды білмегендіктен қатты қорықтым. Сондықтан интернеттен ақпарат іздей бастадым. Бір сайтта балалар мен қуыршақтарға бірдей киім тігетін ресейлік әйел туралы мақалаға тап болдым. Қуыршақты балаңа ұқсатып жасатуға болады. Бұл идея мені шабыттандырды.

Бірнеше күннен кейін мұндай нәрсені жасай алатын шеберлерді тауып, бизнес-жоспар жазып, қазақстандық Mimioriki компаниясының басшысымен кездестім. Идеямның басқаларға ұнайтынына, көп ұзамай арманымды жүзеге асыра алатыныма сенімді едім. Бірақ ұсынысым қабылданбады. Мен үшін бұл үлкен соққы болды, тіпті қолымды бір сілтеп, арманымнан бас тартуға дайын едім. Бірақ бір жағдайдың арқасында құлшынысымды жоғалтқан жоқпын.

Идеяның пайда болуы

Балаларды ұйықтату үшін жатарда үнемі ертегі оқимын. Бір күні ертегілер кітабын ұстап отырғанда кенеттен бір ой келді. Мен әрдайым қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қызығып, халық ертегілері мен аңыздарын сүйсініп оқимын. Маған қазақтың ою-өрнектері мен олардың тарихын зерттеу ұнайтын. СОНДЫҚТАН ҚАЗАҚи ОЮ-ӨРНЕкпЕН БЕЗЕНДІРІЛГЕН КИІМДЕР ЖЕЛІСІН ШЫҒАРАМЫН ДЕП ШЕШТІМ.

Балаларым жартылай қазақ, сондықтан оларға өз халқының тарихы мен мәдениетін құрметтеуді үйретемін. Идеямды қағазға түсіре бастағанымда, алғашқы нобайлар да пайда болды. Әр үлгіде мені қызықтыратын қазақи ою-өрнектер мен тұмарлар болған. 

Алғаш нобайларды қағаз бетіне түсіргеннен кейін дизайнер оларды графикалық редакторға көшірді. Осылайша «Тұмар» авторлық футболкасының идеясы пайда болды. Киімнің ерекшелігі — оның баланы тұмар ретінде қорғауында.

Дизайн мен алғаш үлгілер дайын болғанда тігу жабдықтарын іздеуге кірістім. Бұл нағыз сынақ болған. Біріншіден, өндірістің барлық қырын түсіну керек екен. Бұрын мұндай іспен айналыспасаңыз, бұл — өте қиын жұмыс. Екіншіден, жабдықтарды сатып алу, кеңсе табу, адамдарды жалдау, материалдарды сатып алу қымбат.

Барлығын ой елегінен өткізіп, киімді өзім тікпей, бұл жұмысты басқаларға тапсыруды ұйғардым. Әрине, бір жағынан әрбір кезеңді бақылап, барлығын өз қолыммен істегім келді. Екінші жағынан, мұның тым қымбат екенін түсіндім. Сонымен қатар алғаш үлгінің сәтті шығатынына ешкім кепіл бола алмайтын еді.

Киімді қайда тігу керек?

Қазақстандық дүкендерде сатылатын киімнің көбі Қытайда, Қырғызстанда, Түркияда және Өзбекстанда тігіледі. Тек аз бөлігі Қазақстаннан шығады екен. Әртүрлі жеткізушінің жұмыс бағасын есептей отырып, айырмашалық жер мен көктей екенін түсіндім.

 ҚАЗАҚСТАН. Алматыдан тапқан компания менің суреттерім салынған футболкалар топтамасын тігуге бірден келісті. Ақшасын төлесең ойыңдағыны істеп бере алады. Киімдердің бірінші партиясы шағын болғанына қарамастан, бағасы қымбат еді. Тігу және сурет салу — 4 500 теңге, қолмен кесте тігу — 3 000 теңге. Нәтижесінде бір футболка 7 500 теңгеге шығады. Мен үшін бұл өте қымбат.

 ӨЗБЕКСТАН. Өзбекстанда бір футболкаға сурет жапсыру және тігу — 1 600 теңге. Қазақстанға тауар жеткізу үшін бөлек төлеуің керек. Бірақ Өзбекстанда киім тігу біздің елге қарағанда бірнеше есе арзан.

 ҚЫРҒЫЗСТАН. Мұнда да Қазақстанға қарағанда киімді арзан бағаға тігуге болады. Бірақ бағасы Өзбекстандағы зауыттан сәл қымбат. Жеткізу де ақылы.

 ҚЫТАЙ. Бұл жерде бағысы бойынша бәрі тамаша: материал, тігу, жапсыру және дайын футболканы жеткізу үшін небәрі 900 теңге кетер еді. Мұндай төмен бағаны әлі кездестірмедім, алайда киімнің сапасы көңілімнен шықпады.

Нәтижесінде киімді Өзбекстандағы зауытта тіктіретін болдым. Сапасы мен өзіндік құны көңілімнен шықты. Дегенмен жұмыстың әрбір сатысын қашықтан бақылауға тура келді. Зауыт менеджері маған футболкалардың қалай тігілетінін, суреттің қалай жабыстырылатынын және дайын футболкаларды видео арқылы көрсетіп отыратын еді.

Әрине, тәуекелге барғандықтан нәтижесі ұнамай қалады деп қорықтым, бірақ өзім киім тігемін деген арманым қорқынышымды жеңуге көмектесті. Өзбекстандағы зауытпен келісіп, ақша аударып, сызбаларды жіберіп, тапсырысымның дайын болғанын күттім.

Ары қарай не болды?

Бір айдан кейін көптен күткен футболкалар келді. Қуанышым қойныма сыймады! Жұмысым еленіп, футболкалар тез сатылып кетеді деп қиялдадым. Шынайы өмірде бәрі басқаша болып шықты. Әр кезеңде көп нәрсе үйренуге тура келді, басымды тауға да, тасқа да соқтым.

Менің түсінгенім:

 БАЛАЛАР КИІМІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП ЖОҒАРЫ. Ата-ана баласынан ешнәрсе аямайды. Сондықтан ересектер киіміне қарағанда балалар киіміне жоғары талап қойылады. Киімнің матасы, тігісі, бояулардың қауіпсіздігі, жууға төзімділігі — барлығы жоғары деңгейде болуы тиіс. Балалар киімі бұл талаптарға сай болмаса, оны тігудің қажеті жоқ.

 «АТАУЛЫ» КИІМ. Уақыт өте келе, сатып алушыларға футболкаға баланың есімін жазуды ұсындым. Бұл идеямның клиенттеріме ұнайтынына сенімсіз едім. Бірақ әрбір екінші сатып алушы баласына есімі жазылған футболканы алуды қалады. Бұл біздің киімді жеке бойтұмарға айналдырды.

 ҚАПТАМА  ТАБЫСТЫҢ БІР БӨЛШЕГІ. Тәжірибесі мол маркетолог ретінде сатып алушылар алдымен тауардың қаптамасына мән беретінін білемін. Клиентке тек футболка емес, сондай-ақ оның қаптамасының да ұнағанын қаладым. Сондықтан крафт қағазынан әдемі орама жасауды ойлап таптым. Бірақ футболка аз тиражда тігілгендіктен оны қаптау қымбатқа соғатын еді. Бұл ойымнан бас тартып, тауарды қарапайым қаптамада сатуды таңдадым. Әрине, клиенттер футболканы сатып алды, бірақ мен ойлаған уау-әсері болмады. Сондықтан қаптама мен оның құны туралы алдын ала ойланыңыз.

 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ДЕ САТАДЫ. Сондықтан да инстаграмда біздің парақшаға күн сайын ондаған сұлулық салоны мен интернет-дүкендер жазылады. Желіде тіркелу оңай, бірақ парақшаңды әдемі және түсінікті тілде жүргізу, контентті үнемі жаңартып отыру және жеке хабарламалар мен пікірлерге уақытында жауап беру көп күшті талап етеді. Өкінішке қарай, көп адам бұған мән бермейді. Менің ойымша, мен бәрін дұрыс жасадым, бірнеше күннен кейін алғашқы сатып алушылар маған жеке хабарлама жаза бастады. Ал бірнеше аптадан кейін мен астанадағы, Тараз және Қарағандыдағы балалар киімдерінің дүкендерімен жұмыс істей бастадым. Бірінші тираж (500 дана) әлеуметтік желілерде тіркелген сәттен бастап екі ай ішінде сатылды.

 ӘДЕМІ СУРЕТТЕР. Инстаграмда сатып алушыны қызықтыру үшін бірнеше секундыңыз ғана бар. Сондықтан, киімнің фотосуреттері жай ғана әдемі емес, көздің жауын алуы тиіс. Ақшамды аямай кәсіби фотограф жалдап, бірнеше фотосессия өткіздім. Осылайша парақшаға көп жазылушы тіркеліп, алғаш клиенттерімді таптым.

 ШЫНАЙЫ СУРЕТТЕР ДЕ МАҢЫЗДЫ. AliExpress арқылы тапсырыс бергенде, кейде суреттегі тауар мен тапсырыспен келген тауар бір-біріне сай болмай қалады. Сондықтан сатып алушылардың рұқсатымен шынайы суреттерді де көрсету маңызды.

 ПІКІРЛЕР мен АУЫЗДАН-АУЫЗҒА ТАРАЛатын жарнама. Жақсы пікір - алтынмен тең, жаман пікір - ойлануға және жұмысыңды жақсартуға себеп. Сондықтан мен әрдайым кері байланысқа көңіл бөлемін. Уақыт өте келе, пікір қаншалықты көп болса, тауар соншалықты көп сатылатынын байқадым. Пікірден бөлек, адамдардың бірін-бірі жарнамалауы көп пайда әкеледі.

 ЖЕТКІЗУ. Егер сіз интернетте киім сатсаңыз, оны жеткізіп беру жолдарын алдын ала ойластырыңыз. Маған бұл процес қызық болды, сондықтан Алматы бойынша барлық тапсырыстарды өзім жеткіздім. Бұл  сатып алушылармен сөйлесудің және олардың ойын білудің керемет мүмкіндігі. Мүмкіндік болса, Қазақстан бойынша да футболкаларды өзім жеткізер едім. Бірақ бәрін поштамен жіберуге тура келді. Айтпақшы Қазақстандағы пошта қызметі мен ойлағаннан да жылдам жұмыс істейді.

  міндетті түрде «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелу КЕРЕК. Жалпы, футболкалардың алғашқы партиясын әкеле бастағанда, жеке кәсіпкер болмасаң өніміңді ешкім сатып алғысы келмейтінін түсіндім. Дүкендердің көбі «жеке адаммен» жұмыс істеуден бас тартады. Сондықтан, барлық қажетті құжатты рәсімдеп, салық төлей бастадым.

 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН БИЗНЕС  ЕКІ ТҮРЛІ ҰҒЫМ. Маған әдемі және сәнді фотосуреттерді жариялау, сатып алушылармен қарым-қатынас құру, футболкаларды қаптау және оң пікірлер оқу қызық еді. Алайда ЖК-мен жұмыс істеу, үнемі есеп жазу, құжат толтыру және салық төлеу секілді жұмысты ойламаппын. Осының бәрін жұмыс барысында үйренуге тура келді. Қаржыгер болмағандықтан, қаржы мәселесін дұрыс жүргізе алмадым. Тіпті есеп айырысу шотын ашу үшін салық басқармасына бірнеше рет баруға тура келді. Сол кезде қолымнан келмеген істі маманға тапсыру керек екенін түсініп, есепші жалдадым. Ол ақшаңды үнемдеп қоймай, сонымен қатар жүйке жүйеңді сақтайды.

 ТАУАР БЕЛГІСІ - МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ. Киімді тек ғаламторда емес, бүкіл Қазақстан бойынша балалар киімін сататын шағын дүкендерге өткізу үшін ірі сайттар және дүкендермен байланыстым. Мысалы, Lamoda сайтының "Қазақстанда жасалған" бөліміне ену үшін тауар белгісі қажет. eGov-ке кіріп, барлық қажет құжатты жинап, тауар белгісін тез арада рәсімдеймін деп ойладым. Олай емес екен. Біріншіден, электрон үкімет сайтындағы нұсқаулықты түсінбедім, кеңсе тілінде жазылған. Қанша тырысып бақсаң да түсіне алмайсың. Екіншіден, нұсқаулықта сайтта көрсетілмеген құжаттарға сілтеме болды. Сондықтан тауар белгісін жақын жердегі ХҚКО-да барып жасау оңайырақ. Ол үшін көп уақыт, күш пен мықты жүйке жүйесі қажет.

 АҚША. Бірінші партияға миллион теңгеге жуық қаржы салдым. Ақшаны өзімнің кәсібіме деп сақтаған жеке жинағымнан алдым. Екі ай ішінде барлық футболканы сатқаннан кейін, жоспарланбаған шығынның болғанына қарамастан салған қаржыны екі еселеп қайтардым. Бұл уақыт аралығында бір нәрсені түсіндім: қосымша шығын көп болса да авторлық футболка жасау табысты кәсіп екен.

 БИЗНЕСТІ НЕГІЗГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАТАР АЛЫП ЖҮРУ ҚИЫН. Кәсібім алға басқан сәтте декреттік демалысымның мерзімі аяқталды. Бірнеше аптадан кейін, жеке бизнесті кеңседегі жұмыспен қатар алып жүру қиын екенін түсіндім. Егер негізгі жұмыс 18:00-де аяқталса, бизнес ешқашан аяқталмайды. Ол 24/7 режжимінде сенің көңіліңе мұқтаж. Сонымен қатар үш баланың анасы болсаң, бәріне бірдей уақыт бөлу қиын.

Нәтижесінде не болды?

Кеңседе жұмыс істеу немесе жеке бизнесті таңдау керек болды. Отбасыма көбірек уақыт бөлу үшін бірінші нұсқаны таңдадым. Бірақ бұл шығармашылықпен айналысуды тоқтаттым деген сөз емес.

Былтыр көктемде ойламаған жерден қолөнершілер көрмесінде болдым. Бір шебердің сөресінде құрақ көрпені көзім шалып қалды. Құрақ  бұл белгілі бір қасиет пен символдық мәнге ие кесінділермен кестелеу техникасы. Құрақ көрпе тігу барысында әрбір матаға энергияңды бере білуің керек. Мұндай киім баланы қорғап қана қоймай, оған жан тыныштығын, денсаулық пен амандық береді деп есептеледі. Бұл көрпені көргенде, бірнеше жыл бойы күткен шабытым ашылды. Иа, дәл солай!

Көрмеден кейін бірнеше ай өтті. Осы уақыт ішінде мен қазақ қолөнеріндегі құрақ тігісі жайлы тапқан барлық ақпаратты оқып, көптеген идея ойлап тауып, осы стильдегі балалар киімінің коллекциясын өндіріске енгіздім.

Ең қызығы менің идеямды Ұлыбританиядағы ETHNO ART FEST сән фестивалінің ұйымдастырушылары бірінші болып ұнатты. ETHNO ART FEST  бірнеше сәнді көрсетілім, тұсаукесер, көрме мен іскерлік бағдарламадан тұратын ауқымды жоба. Халықаралық сарапшылар фестивальді ЮНЕСКО-ның мәдени алуантүрлілікті сақтау жөніндегі мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін жоба ретінде таныды.

Жаздың басында фестивальге қатысуға өтініш жібердім. Шынымды айтсам, қолымнан келеді деп ойламадым. Алайда, көп уақыт ұзамай қараша айында Лондонға келуге және балалар киімінің көрсетіліміне қатысуға шақырту алдым. Ұлыбритания  тарихы терең, мәдениеті әр алуан мемлекет. Ол әлемдік мәдениетке, өнерге және сәнге көп әсер етті. Менің білуімше, Александр МакКуин, Джон Гальяно, Вивьен Вествуд, Стелла Маккартни сынды көптеген танымал дизайнер еңбек жолын осы мемлекетте бастаған. Мен де Қазақстанның атынан балалар киімінің сән көрсетілімдеріне қатыстым. Әрине бұл шабыттандырады. Шығармашылықпен айналысуға деген ниетімнің арқасында мұндай жетістікке жетемін деп ойламаппын. Ертең не болатынын, басқалар идеямды қалай қабылдайтынын болжай алмаймын. Бірақ қыздарымның не киетінін нақты білемін.


Фото: Кейіпкердің жеке архивінен