Амина Мирсакиева Carl Zeiss неміс компаниясында зерттеуші-ғалым. Бакалавр мен магистратураны ҚБТУ-да бітіргеннен кейін ол Швециядағы Корольдік технология университетінде Material physics мамандығы бойынша білім алды. Қазір ол Германиядағы жұмысынан бөлек KzPhDGirlsUnion жобасын іске асырып, «Белка и Стрелка» подкастын шығарып жүр. Біз Аминамен кездесіп, докторантураны оқудың маңызы, KzPhDGirlsUnion жобасы мен оның мақсаты жайында әңгімелестік.

PhD-дің маңызы туралы

Мектептен бері ғылымға қызыға бастадым. Жаңа технологиялар мен теорияларды ойлап табатын зерттеушілер мен ғалымдарға сүйсінетінмін. Софья Ковалевская мен Мария Кьюридің образдарына ұмтылып, оларды өзіме үлгі етіп алғанмын. Бірақ менің балалық шағымда әлемге танымал әйел-ғалымдар саусақпен санарлықтай еді. Себебі ғылым мен жеке өмірін бірге алып жүретін әйелдер кемде-кем. Қазір жағдай басқаша. Ол стереотипті бұзатын қыздар көп.

PhD-ге түсу үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттерді қарастырдым. Әртүрлі мемлекеттегі университеттерге мамандығыма сәйкес өтініш жіберіп, нәтижесінде Швециядан екі шақыру алдым. Бірі органикалық заттарды синтездеумен айналысатын оқуды ұсынса, екінші ұсыныс бойынша мен квант механикасының көзқарасымен полимерлерді зерттейтін едім. Таңдауым екінші ұсынысқа түсіп, бес жылда докторантураны бітіріп шықтым. Кейін Уппсала университетінде PostDoc жасадым.


Қазір осы жолда зерттеумен айналысып жүрмін. Carl Zeiss компаниясында мен литографияда қолданылатын құрылғыға арналған материалдар жасап шығарумен айналысамын. Литография деген телефон не компьютер сияқты әртүрлі электроникаға арналған чиптерді басып шығаратын тәсіл. Чиптағы схеманы шығару үшін оптика заңдарымен ақпаратты схемаға көшіретін өте үлкен машинаны қолданамыз. Ол тез жасалатын, бірақ High-Tech технологияларды қажет ететін жұмыс.


Қандай да бір жеңіске жетсем, «ол қыз болғасын ұтты» деген жаңсақ пікірлерге толы позитив дискриминацияға тап болған кездерім аз емес


Қыздар не үшін оқудан кейін тоқтамауы керек

Бакалаврды, магистратураны, тіпті, PhDді бітірдім деп, тынып қалмау керек. Себебі бұл — жұмыстың басы ғана. Бар жиған білімді, жасаған зерттеулерді іс-жүзінде қолданбасақ, оны басқаларға үйретпесек, бірнеше жыл бойы оқыған еңбектің зая кететіні рас. Қыздардың проблемасы да осында. Көбі отбасылы болғаннан кейін жұмыс пен жеке өмірді бірге алып жүре алмай қалады. Оның үстіне отбасын енді құрған жас қыздарды жұмысқа алмайтын, декреттік қағаздың дұрыс толтырылмайтын кездердің жиі болатынын естігенмін.

Меніңше, университетті бітіргеннен жасы ұлғайғанша әйелдер дискриминацияға көп ұшырайтын сияқты. Қандай да бір жеңіске жетсем, «ол қыз болғасын ұтты» деген жаңсақ пікірлерге толы позитив дискриминацияға тап болған кездерім аз емес. Ал жеңіске жету жолында күнделікті 12 сағат жұмыс істегенім, қаншама ресурстарымнан айырылғаным ескерілмейді. Бірақ ит үреді, ал керуен көшеді ғой. Ондай пікірлерге көңіл аудармаймын. Себебі оның әрқайсысына басымды қатыра берсем, жұмыста фокусымнан айырылып қалатыным анық қой.

Үнемі шабыттандыратын, жұмыс істеуге деген құлшынысы бар, ғылымға үлес қосам деген ниетті адамдардың ортасы негізгі мақсаттан алаңдамауға көмектеседі. Сондықтан шығар, еліміздің докторант қыздарын бір алаңға жинау идеясы мен үшін өте өзекті әрі қызық болды.


Қаланың адамы бізді хэштегтер мен таныстары арқылы оңай тауып ала алады, ал шет жақтағы аудандарда өмір сүретін қаншама халық бар. Біз ондағы болашақ ғалымдардың дамуына, абитуриенттердің дұрыс таңдау жасауына үлес қосқымыз келеді


KzPhDGirlsUnion туралы

KzPhDGirlsUnion — әлемнің түкпір-түкпірінде зерттеумен, ғылыммен айналысып жүрген Қазақстанның PhD-қыздарын біріктірген ұйым. Бұл жобаны инстаграмда #kzphdgirlsunion хэштегімен әр бейсенбі сайын ұйым мүшелері болып жеке парақшаларымыздан белгілі бір тақырыптарға жазбаларды жариялаудан бастадық. Әр постты кейін арнайы хэштегтер арқылы табуға болады. Мақсатымыз халықты ғылымға жақынырақ ету, ғалым қыздардың бейнесін қалыптастыру еді.

Жобаның идеясы пайда болғаннан кейін әр қадамды жасау үшін жеті қыз боп бірігіп, арнайы уақыт бөліп, 2018 жылдың қарашасында ресми түрде жұмысымызды бастаған едік. Қатарымызға белгілі бір уақыт сайын пост жазуға дайын, белсенді докторант қыздарды шақырып, көбейе бастадық.

Жобамыз өсе келе, еліміздегі болашақ ғалымдарға көмектесу, ой түйгізу, ғылымға қызығатын кез келген оқырманға контент ұсыну мақсатымен үш айдан кейін @kzphdgirlsunion инстаграм-парақшасын жүргізе бастадық.

Бүгінде KzPhDGirlsUnion құрамында 27 қыз бар. Парақшада әрқайсысы туралы ақпарат тауып, зерттеулері мен мақалалары жайында оқуға болады. Мен жұмысты бақылап, менеджерлікпен айналысамын. Бірақ топтағы қыздардың бәрі әр жұмыс функциясының қалай жүзеге асатынын біледі. Апта сайын ұйымның әр мүшесі туралы ақпарат береміз. Бәріміз әлемнің түкпір-түкпірінде жүргендіктен ұйымда бір-бірін көрмеген қыздар бар. Бірақ чаттарда жиі пікірталастырып, сөйлесіп тұрамыз. Біз көп әрі әртүрлі саладан болғандықтан әзірге контент-жоспар толық.

Алдағы уақытта да біз волонтерлік жоба болып қала береміз. Өзімізді кәсіби тұрғыдан дамытуды жалғастырамыз. Біздің жобаға сәйкес гранттарға қатысамыз. Мысалы, Erasmus бағдарламасында, АҚШ үкіметінің, Қазақстанның да конкурстарында бағымызды сынап көремекпіз.

Болашақта Алматы не астанада бас қосып, Қазақстанның басқа да елді мекендеріне жол жүріп, жобамызды таныстырғымыз келеді. Себебі қаланың адамы бізді хэштегтер мен таныстары арқылы оңай тауып ала алады, ал шет жақтағы аудандарда өмір сүретін қаншама халық бар. Біз ондағы болашақ ғалымдардың дамуына, абитуриенттердің дұрыс таңдау жасауына үлес қосқымыз келеді. Себебі қоғамда бәрі жақсы әрі бақытты өмір сүруі үшін қандай да бір жетістікке жеткендер жағдайы төмен адамдарға көмектесуі керек, оларды өзінің қатарына тартуы керек. Әркімнің жағдайы қосымша сабаққа баруға, не үйде оқытатын мұғалім жалдауға жетпейді. Бірақ біріге отырып, біз пайдалы кеңестер мен шағын посттарымыз арқылы адамның талпынысын жоғалтпауына, мүмкіндіктерін көре білуіне көмектесе аламыз.

Қазір біз KzPhDGirlsUnion-нан бөлек «Белка и Стрелка» деп аталатын подкаст жазып жүрміз. Әріптесім Дана Ақылбекова екеуіміз жүргізетін подкаст ғылымға негізделгендіктен солай атауды жөн көрдік. Подкасттың әр санында біз жұмыс пен жеке өмірді қалай байланыстыруға болатынын, өмірлік тәжірибемізді, ғылыми жаңалықтарды айтып, пікірталас ұйымдастырамыз.


Мен Қазақстанда бакалавр мен магистратурада халықтың салығынан бөлінген грантқа оқыдым. Сондықтан мен жеке уақытымды бөліп, жиған білімім мен тәжірибем туралы айтуды, отандастарыма көмектесуді парыз санаймын


Маңызды тақырыптар жайында

Біз білім беру мен ғылым тақырыптарын, одан кейін әлеуметтік тақырыптарды қозғаймыз. Қоршаған ортамен қарым-қатынас, феминизм, қоғамдағы проблемалар, ғылым туралы айтамыз. Докторантураға түсудегі лайфхактарды бөлісіп, оқу мен зерттеу жасауда кеңес береміз. Иммиграция мен саяхат туралы да сөз қозғаймыз. Себебі бұл — шетелде жүрген қазақстандықтар мен басқа жаққа баруды жоспарлап жүргендер үшін маңызды тақырыптар.

Әйгілі антрополог Станислав Дробышевский «Популизммен айналыссам, жұмысыма ден қоя алмай қаламын» дейді. Расымен де ғылыммен айналысу үшін ештеңеге алаңдамай, бар ойыңды тек жұмысқа арнау керек. Бірақ адамзат үшін ашқан жаңалықтарды бөлісе алмасақ, басқаларға көмек қолын соза алмасақ, зерттеуімізден не пайда?

Мен Қазақстанда бакалавр мен магистратурада халықтың салығынан бөлінген грантқа оқыдым. Сондықтан мен жеке уақытымды бөліп, жиған білімім мен тәжірибем туралы айтуды, отандастарыма көмектесуді парыз санаймын. Болашақта елге оралудың жолы түссе, қатты қуанар едім. Ал әзірге менің саламда Қазақстандағы зерттеушілерге жасалған жағдай нашар, сондықтан шетелдік технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, біліктілігімді дамытсам ба деймін.

Амина Мирсакиеваның оқуға кеңес беретін кітаптары:

 «Очаровательный кишечник». Бұл — Джулия Эндерстің кітапқа айналған докторлық диссертациясы. Өзіңнің жобаңа қалай сену керектігін көрсететін керемет үлгі.

 «Кто бы мог подумать? Как мозг заставляет нас делать глупости». Ася Казанцева бұл кітапты жазғанда ғылыми деректерге сүйеніп, нақты дәлелдерді келтірген. Сондықтан оны оқу әр адам үшін маңызды деп ойлаймын.

 «Северное сияние». Филип Пулманның ғылым, фантазия, таңғажайып оқиғалар мен дін туралы тамаша шығармасы. Ғылым мен дінді жақсы байланыстырып, жаңа ой-толғаныстар тудыратын кітап.

 «Купец и волшебные врата». Тед Чанның бұл кітабын оқығаннан кейін әйгілі «Қара айна» сериалын көргендей боласың.

 «Дом на краю ночи». Англиялық Кэтрин Беннердің Италиядағы кедей халықтың өмірі туралы жазған туындысы. Шығарманы оқыған сәтте қарапайым италиялықтардың көзіне көріне бермейтін әсем бейнелерді елестетіп, бұл елді басқа қырынан танисың.